ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ
XX ғасырдың 20-30-шы жылдарында Кеңес одағында қоғамның барлық саласын абсолюттік бақылауға алған саяси тәртіп орнаған болатын. Ол әр адамды, партияны, мемлекетті алдағы мақсатқа жеткізу үшін бірлікте, тек бір арнада ұстауды көздеді. Ал бұл мақсат субъективтік, утопистік негізде болғандықтан, қоғамның барлық мүшелерін бір арнаға түсіру мүмкін емес еді. Сондықтан да түпкі мақсатқа жету үшін құрылған жаңа қоғам тек тоталитарлық сипатта, бір партияның идеологиясына негізделген ғана болуы керек. Мұндай қоғамда пікір алуандығына, саяси плюрализмге орын жоқ. Ал осыдан қоғамды тұтастықта, идеологиялық бірлікте ұстап тұру үшін әртүрлі үрдістерді күшпен басып отыру қажеттігі туындады. Демек, тоталитарлық жүйе жағдайында саяси негізде қуғын-сүргін, репрессияларға жол берілетіндігі сөзсіз еді.
Қазақстанда орын алған репрессия саясаты Ф.Голощекин есімімен тығыз байланысты. Ол келгеннен бастап-ақ қазақ зиялыларының арасындағы “жікшілдікті” қоздырып, оларға саяси баға беріп, кейінгі қуғын-сүргінге, репрессияларға “дайындық” жасады.
Қазақ интеллигенциясын қуғын-сүргінге ұшыратуда партияның басты таққан “айыптауы” ұлтшылдық болды. 1928 жылғы сәуірде өткен Казкрайкомның пленумының мәдени құрылыс туралы шешімінде “ұлтшылдықты” былайша көрсеткен: “Қазақстанның жалпы мәдени артта қалушылығы, сауатсыз халықтың орасан зор үлес салмағы, мәдениет мамандарының әлсіздігі мен санының мардымсыздығы, ескі интеллигенция арасындағы ұлтшылдық тенденциясы сақталуы мен жаңа мәдениетті жасаушылар қатарының аздығы жағдайында біз экономикалық және саяси күрестің әр түрін пайдаланатын және сонымен бірге тұрмыстық салт-дәстүр, діни наным-сенімдермен және т.б. ауылдағы қанаудың жартылай феодалдық-рулық түрлерін сақтап, оған айырылмастай жабысқан, бас көтеріп келе жатқан байшыл элементтердің тарапынан күшейіп отырған қарсылықты кездестіреміз. Буржуазияшыл-ұлтшыл интеллигенция жартылай феодалдар, бай мен ақсақалдардың бұл әрекеттерін идеологиялық жағынан заңдастыруға тырысады. Әлеуметтік күштердің бұл күресі партия ұйымдарының өзінде де көрініс тауып отыр; сәдуақасовшыл элементтер дауыс көтеріп, буржуазияшыл-ұлтшыл топтармен ауыз жаласуда”. Мұндай шешімнің қабылдануы кездейсоқ емес еді. Осы пленумда Ф.Голощекин Қазақстандағы үш ағымды “анықтап” берген болатын. Олар: “Бірінші ағым – Сәдуақасұлы Смағұл бастаған байшыл-ұлтшыл ағым…
Екінші ағым – бұл күшті ағым емес, мұны жақтаушылар аз… Бұлардың ойынша Қазақстанда 35 пайыз еуропалықтар бар. Қазақстан өкіметі бұлардың керегін өтеуі тиіс, сондықтан бұлар барда қазақ халқының мұң-мұқтажы түгел өтелмейді дейді. Олай болса, Қазақстаннан еуропалықтарды шығарып тастап Қазақстан Республикасының негізін бірыңғай қазақ халқынан жасау керек дейді.
Үшінші ағым – бұл іс жүзіндегі “сәдуақасовшылдық” аналардан қауіптірек, зияндырақ ағым. Бұл ағым көрнеу арпалысып, дәлелдесіп шықпайды, бұл ағымның ниетін кеңес жұмысының басшылығын қолына алған қайраткерлер жүзеге асырып отырады. Бұлардың әдісі: қаулыға қол көтеру, бірақ іс жүзінде орындамау, үндемей отырып қарсы болу”. Көріп отырғанымыздай, үш бағыт та “ұлтшылдықты” уағыздаушылар болып бағаланған.
Голощекинмен бірге, республикада ұлтшылдар мен ұлтшылдықты “әшкерелеп”, ұлт зиялыларын қудалауда сол жылдары Өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру-нұсқаушылық бөлімін басқарған Н.Ежовтың “рөлі” де аз болмады. Қазақстанда голощекиндік әдіспен әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жасауға қарсы болған жауапты қызметтерде жүрген ұлт қайраткерлері шеттетіле бастады. 1927-1929 жылдары әртүрлі себептермен Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Н.Нұрмақов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, М.Мырзағалиев республикадан ығыстырылды. ҚазОАК төрағасы Ж.Мыңбаев, ағарту халық комиссары С.Сәдуақасов, жер шаруашылығы халық комиссары Ж.Сұлтанбеков және тағы басқалар қызметтерінен босатылды. 1927 жылы қарашада өткен VІ өлкелік партия конференциясында қазақ қайраткерлері, әсіресе, С.Сәдуақасов және оның пікірлестері “топшылдықтары” үшін Голощекин тарапынан қатты сынға ұшырады. Ежов та қарап қалмай И.Сталинге, В.Молотовқа, Л.Кагановичке хат жазып, оларда барлық ұлттық кадрлар, қазақ коммунистері ұлтшылдық-уклонизм мен топшылдық күреспен уланған, сондықтан олардың арасында сау партиялық күштер жоқ деп хабар беріп отырған. Ол Қазақстанда қызметте болған кезінде ұлт зиялыларын жақсы білген, олардың көзқарастарынан да хабары мол болғанға ұқсайды. Олай дейтініміз, Ежов қызмет бабына байланысты ұлт қайраткерлерімен тығыз байланыста болған. Мәселен, мына бір құжатқа көңіл аударсақ: “Выписка из приказа №101 по управ. делами КЦИК и СНК от 31 августа 1925 года. Пологать в командировке с 31-го августа заместителя Председателя Государственной Плановой комиссии К.С.С.Р. тов. Ермекова А., Народного Комиссара Просвещения К.С.С.Р тов. Садвакасова и зав. Орготделом Казкрайкома РКП(б) тов. Ежова, как убывших в город Москву – членами делегации ЦИК и СНК – на предмет разрешения ряда вопросов, относящихся к Казахстану”. Осы құжат арқылы байқайтынымыз, Ежовтың белгілі ұлт қайраткерлерімен қызметтес бола жүріп, олардың көзқарасына қаныққаны байқалады. Кейін Ежов КСРО ішкі істер халық комиссары болып, 1937 жылы жаппай саяси репрессия жүргізген кезде қазақ зиялылары мен қайраткерлерінің “халық жаулары” атануы кездейсоқ емес.
20-шы жылдардың аяғында орталықта жүрген троцкийшілік-зиновьевтік оппозицияға және “оңшыл оппортунистерге” қарсы күрес республикада ұлт зиялыларына қарсы репрессияға ұласты. Бұл қуғын-сүргіннен ең алдымен ұлт мәдениеті үлкен зардап шекті. 1928 жылдың аяғында жалған айыптар тағылып “буржуазиялық ұлтшылдар” ретінде бұрынғы “Алаш” қозғалысының 44 қайраткері тұтқындалды. Олардың арасында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Ғаббасов және тағы басқалар болды. Қазақ зиялыларының екінші тобы 1930 жылдың қыркүйек-қазан айларында тұтқындалған. 1931 жылдың шілдесіне дейін 32 адам ұлтшыл деген жаламен абақтыға қамалған. Олардың қатарында Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, Мұстафа Бұралқиев, Жаһанша Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов, Біләл Сүлеев, Қошке Кемеңгеров, Даниял Ысқақов және тағы басқа қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар болды.
Ұлт зиялыларын кеңес өкіметінің қуғын-сүргінге ұшыратуының “ұлтшылдықтан” басқа негізгі себептерінің бірі – мәдениет саласындағы белсенді қызметтері болатын. Оларға қойылған айып – “Алқа” әдеби үйірмесін кұрып, оның “Табалдырық” деген атпен бағдарламасын жасауы еді. Жалпы “мәдениет майданындағы” ұлт тұлғаларының “айыптары” туралы белгілі жазушы, әдебиет зерттеушісі Т.Жұртбаев: “…айыптың негізіне, “Алашордашылар: 1. Жауапты орындарға кіріп алып, кеңес өкіметіне жат идеяны насихаттап, оны “Алқа” үйірмесі арқылы жүзеге асырды. 2. Жоғары оқу орындарының шәкірттеріне оқулық жазып, арандату әрекеттерін жандандырды. 3. Әдебиеттің таптық мүддесін мойындамады. 4. Ұлтшылдық-буржуазиялық идеологияны көркем шығармалар арқылы насихаттады. Сөйтіп, пролетариаттық мәдениетті мойындамай, хандар мен феодалдық еркіндікті, еркін замандағы қазақтың бостандығын мадақтады деген “қылмыстық желеу” себеп болған” деп көрсетеді. Шын мәнінде, 20-30-шы жылдарда ұлттық мәдениеттің барлық салаларда өз негіздерінен, тамырларынан ажырап қалмай, ұлттық болмысын сақтап қалу жолында жандарын пида қылған да осы ұлт зиялылары еді. Жаңа қоғамның, оның таптық идеологиясының, цензурасының қыспағында жүріп-ақ әдебиет, ғылым, білім, өнер салалары бойынша өшпес мұра қалдырып және оларды ұлттық негізде дамытуға үлес қосты.
Академик К.Нұрпейіс қазақ зиялыларының 20-шы жылдардағы мәдениет саласындағы қарымды қызметін жаңа өкіметке, оның қалыптаса бастаған тоталитарлық жүйесіне көрсеткен қарсылығының ерекше түрі болды деп бағалайды.
Қалай болғанда да, орнаған сталиндік тоталитарлық тәртіп ұлт мүддесін ту етіп көтерген ұлт тұлғаларының мәдениет саласындағы іс-әрекеттерінен “жаулық” тауып, репрессия құрбандары етті.
1932 жылдың 20 сәуірінде ОГПУ-дің үштігінің үкімімен зиялылардың екінші тобының 15 азаматы (М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Қ.Кемеңгеров, Ж.Ақбаев, т.б.) бес жыл мерзімге концлагерьге жіберуге, оны сонша мерзімге жер аударумен ауыстыруға шешім қабылдады.
Бірақ репрессия тегеріші осымен тоқтамады. Жазаларын өтеп, тірі қалып, елге оралғандар 1937 жылдың “ұлы кұрбандығына” қайта ілікті.
Жаппай саяси репрессия 1937 жылдың басынан бастап бүкіл елді қамтыды. БК(б)П Орталық комитетінің 1936 жылғы желтоқсандағы Пленумында, одан кейін 1937 жылғы ақпан-наурыз Пленумында И.Сталиннің және БК(б) П-ның атынан барлық халық жауларын, “екіжүзділерді аластату және құрту” қажеттілігі туралы нұсқаулары берілген болатын.
Сол жылдардың бір ерекшелігі – жоғарыдан келген “халық жауларын” әшкерелеу туралы нұсқаудың жергілікті жерлерде жаппай науқанға, психозға айналуы еді. Кезінде Троцкийдің, Каменев-Зиновьев топтарының және оларды жақтаушылардың талқандалуы Сталиннің есімімен тығыз байланыстырылды. Сөйтіп, жеке басқа табынушылық 30-шы жылдардың аяғында жаппай қуғын-сүргінге ұласты.
Қадыр АХМЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Азапты жол
Уақыт өте есте жүргеннің дені көмескіленеді дейді. Соған күмәнім бар. “Екі баламды сол жаққа жерледім” деп айтып отырушы еді анам. Сол жақ дегені – Барса-келмес аралы. 1929-1930 жылдары қазіргі Жамбыл ауданынан 68 адам Барсакелмес аралына жер аударылыпты. Араларында ата-анам Мұстафа Исабайұлы мен Көпей Төлебиқызы да бар.
Атам Исабай – дәулетті адам болған. 1880 жылдардың соңында қажылыққа да барыпты. Үш ұлы – Мұстафа, Мұқанай, Смағұлды үйлендіріп, енші беріп, өз алдына отау қылады. Алайда, 1929 жылы қыркүйек айында Сталиннің байларды тап ретінде жою саясаты кезінде дүние-мүлкі тәркіленіп, Мұстафа мен Мұқанай отбасымен Барсакелмес аралының Николай тауына жер аударылады. Әкемнің айдауда жүргенде күйініштен жазған өлеңі де бар.
Өзімнің туған әкем қажы Исабай
Би емес, болыс емес, дәулетті бай.
Үш отау үш жағына тігіп қойып,
Орнатқан бәріне де қара саба-ай.
Баласы сол қажының мен Мұстафа,
Көргем жоқ бұл дүниеден ешбір опа.
Басымнан бақыт-дәулет кеткеннен соң,
Кісіден жақын жүрген көрдім жапа.
Әкем үшін қиын-қыстау шақта дос деп жүрген жандардың теріс айналғаны ең ауыр соққы болған. Анамның бір айтқаны есімде қалыпты. Жер аударылатын болып, ел-жұртпен қоштасып жатқанда жанашыр абысынының біріне “Менің босағама көз қырыңды сала жүр” депті анам. Ондағысы тәркілеуден аман алып қалған бір-екі алтынын табалдырықтың астына жасырған екен. Анамның әлгі сөзін естіп тұрған біреу сол сәтте-ақ барып, табалдырығын қопарып, жасырғанын ұрлап кетіпті. Кейін әлгі абысыны “Сол кезде сен не айтпақ болдың? Үйіңе барсам, босағаңның тас-талқанын шығарыпты” деп сұраған екен. Бұл “жығылғанның үстіне жұдырық” болып, сағын сындыратындай әрекет болмаса да, өздеріне деген ауылдастарының да ниеті өзгергенін аңғартады емес пе?! “Кем болды кісі өлтірген қудан күнім” деп әкемнің налуына да, осындай пасық әрекеттер түрткі болған шығар. Ата-анам Барсакелмес аралына жер аударылғанда қолдарында құндақтаулы сәбиі болған. Анам марқұм жолда шетінеп кеткен баласын бауырына басқан күйі аралға жетіпті. Бар ойы – өлген баланы суға лақтыртпай, жүзін топырақпен жасыру. Ұзақ жолдан шаршап-шалдығып, әлі құрып жеткен адамдарда қабір қазатындай қайбір күш болсын. Әрі аралдың сусылдаған құмы еркіңе көне ме? Әйтеуір, денесін жер қойнына тапсырайық деген ниетпен шұңқыр қазып, соған жерлепті.
Туған жерден айдалған, соңынан ерген тұяғынан айырылған ата-анамның Николай тауында өткізген үш жылы тура тамұқпен тең. Көрген ауыртпалықтарын сөзбен айтып жеткізу қиын. Тыңдаған адамның алғашқы әсері – жазықсыздан осындай азапқа тартылуға бола ма деген сауалдан төбе шашың шымырлайды. Сосын тұла бойыңды қорқыныш билейді. Рухани тұрғыда жапан түзде жалғыз қалған әке-шешем көп нәрсені айта қоймайтын. Бірақ суды рәсуа қылғанды ұнатпаушы еді. Барсакелмес аралында жазда ішуге тұщы су болмайды екен. Жазда ішетін суды қыста дайындайды. Қыста қатқан теңіз суының жарты метрдей жоғары беті тұшы су болады екен де, оны ойып алып терең қазылған жертөлеге мұз күйінде сақтайды. Жазда осы мұзды әр күнге бөледі екен. Мұз бітіп қалып, тұщы су әкелуге иінағашпен 15 шақырым жерге дейін баратын уақыттары болыпты. Осылайша, өлместің күйін кешкен ата-анам 1932 жылдың соңында ғана қайта оралды.
Елге оралғасын да ауылдың шолақ белсенділері “Жер ауып келгенсің” деп сенімсіздікпен қарап, сыйғызбайды. Оның үстіне әкеміз ескіше де, жаңаша да сауатты, шешен, ақындығы бар, тура сөйлейтін адам еді. Ел ішінде үлкендер осы уақытқа дейін “Мұстафа былай деп еді” деген әңгімені айтып отырады. Әкемнің осы мінезі де ауылдағы кеңестік басшыларға ұнай бермесе керек. Ақыры 1935 жылы жалғыз сиырын жегіп, бір түнде Ресей жеріне кетуге мәжбүр болды. Ресейдің Қорған облысы Мокроусов ауданындағы Травное ауылына қоныстанды. Әкем сол кеткеннен елге тек 1954 жылы оралды.
Әкемнен туған екі ер бала Барсакелмес аралында жерленгенін жоғарыда айтып өттім. Кейін төрт қыз дүниеге келдік. Анамыз шаруақор, таза, қақ-соқта жұмысы жоқ, сөзге сараң, тұйық адам еді. Әкеміз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді. “Баланың шаруасы ғой” демей, әрқашан ақылын айтып, бағыт-бағдар беріп отыратын.
Сол кезде “Родина-49” деген радиоқабылдағыш әр үйде болған шығар. Әкеміз радиоқабылдағыштан ел жаңалығын тыңдап, “Ленин туы” газетін үзбей оқитын. Бізден үнемі кітап, газет-журнал оқуды талап ететін. Суырыпсалмалығы бар әкемізге: “Кеңес одағын мақтап “Ленин туы” газетіне өлең жазыңыз” дейтінбіз. “Адал малымды тартып алып, өзімді азапқа салған өкіметтеріңді қалай мақтаймын” деуші еді, жарықтық.
Арада талай уақыт өтсе де, бала кезімде ата-анамнан естігенім әлі есімде. Анда-санда анам ашыла сөйлегенде, “Тағдыр тауқыметіне қалай төтеп берген?” дегендей сұраулы жүзбен қарайтынмын. Әке-шешемнің өмірден өткеніне біраз жыл болса да, сол сұрақ әлі де мазалайды.
Мейіз МҰСТАФАҚЫЗЫ, зейнеткер.
Ұмытылмас қасірет
1937-1939 жылдары көкірегі ояу халық санасын жаңғыртып, ұлт ұрпағын тəрбиелеуге күш жұмсаған дарабоздарымыз солақай саясаттың құрбанына айналды. Біздің облыстан жазықсыз жапа шегіп, сотталып, ақыры атылып кеткендердің саны жеті мыңнан асады. Қазақстанның егемендігін аңсап, еркіндікті ту етуге үлес қосқан Алаш зиялылары мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын мəңгілік ел жадында қалдыру үшін “Ақталған есімдер” және “Көкарал” кітаптары жарық көрді. Оқырман назарына ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, тоқырау заманын қамтыған кітаптардан үзінді жариялап отырмыз.
Әкем Рахымбекке “халық жауы” деген айып тағылып, тұзаққа аттанғанда, мен бар болғаны сегіз айлық қана бала екенмін. Жұрттың айтуынша, әкем ақылды, парасатты адам болған.
Одан кейін барлық ауыртпалық анам Алтыншаштың мойнына түсті. Балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ешкімнен кем қылмауға тырысып бақты. Әкемнің Атба-сарға жіберілгенін білген анам оны іздеп барды. Сонда әкем: “Балаларымды, елімді сағындым. Алтыншаш, балаларымды еңбекқор, адал етіп өсіретініңе сенемін”, – деген екен. Сол жолы қамауда отырып жазған “Мен адалмын, ағайын” деген өлеңін анамнан беріп жіберіпті.
Осылайша, жастайымнан қиыншылықты көп көрдім. Өмірдің өзі мені ерте есейтті. Әрқашан әкемнің сенімін ақтап, абыройлы болуға тырысып бақтым. Мектепте оқығанда, “халық жауының қызысың” деп, комсомол қатарына да алмағандары есімде. Оқуды одан әрі жалғастыратын мүмкіндігім болмағандықтан, 1955 жылы Шұқыркөл ауылына көшіп келіп, жұмысқа орналастым. Араға бір жыл салып тұрмыс құрдым.
Азапқа толы кезеңдер жолдасым Болат Қақашовтың отбасына да көп қиындық әкеліпті. Оның әкесінің туған інісі Құбайдолла Тасмағанбетов те 1937 жылы 18 тамыз күні нақақтан-нақақ “халық жауы” атанып, түрмеге қамалғандардың қатарында екен. Біздің үйде Құбайдолла аға туралы жиналған деректер күні бүгінге дейін сақталған. Онда оның өмірбаяны, жан күйзелісі, жабылған жала, қалай атылғаны – барлығы жазылған. Оған жала жабылған кезде ол Төңкеріс ауылында (қазіргі Шал ақын ауданы) қаржы бөлімін басқарып жүрген. Жұбайым Болат:
– Сол күні кешке қарай үш милиционер келіп, үйді тінте бастады. Содан үйдегі кітаптарды ағаммен бірге алып кетті. Біз жылап-сықтап, амалсыздан ауылға қайтып келдік. Одан кейін біздің күнкөрісіміз қиындады. Қарағандыдағы мұғалімдер техникумын бітіріп, Шұқыркөл мектебіне мұғалім болып кірдім. Н.Хрущев заманында мұғалімдерді партияға өткізу туралы қаулы шығып, біздің мектептен төрт мұғалімді партияға қабылдамақ болғанда, “халық жауының інісісің” деп, өткізбей қойды. Жазықсыз жабылған бұл жала бұдан кейін де бізге көп ауыртпалық әкелді, – деп есіне алып отырады.
Жаңылдық РАХЫМБЕКОВА.
***
Қазиқан Нұрғожин қазіргі Шал ақын ауданындағы Берді ауылында 1874 жылы дүниеге келген. Ауыл молдасынан сауат ашады. Кейін өзі де молда болады. Бакран деген қызға үйленіп, одан екі бала көрген.
Елінде молда болып жүрген Қазиқан Нұрғожинді НКВД қызметкерлері ұстап әкеткенде артында әйелі, екі баласы қалған екен. Содан кейін зайыбын “халық жауының әйелі” деп қайда ауыр жұмыс болса, сонда жұмсаған. Әкесі кеткенде ұлы Қайыржан 7 жаста, қызы Сапия 5 жаста қалған.
Айдар ҚАЗИҚАНОВ, жиені.
***
Бейсенбай Оразов қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Бинаш ауылының тұрғыны, Сібір лагерьлерінің бірінде 10 жыл отырып келді.
Бейсенбай ата өз елінде құрметті адам болған. Сотталғанға дейін “Бірлік” ұжымшарының бригадирі болып істеген.
– “Не үшін сотталдың?” – дегенде ол кісі: “Түк кінәм жоқ, менің әкем Бинаш қажының баласы болатын. Бинаш қажының өзі де, балалары Ораз бен Оразақта орта шаруа болатын. Ораз менің әкем, ерте дүниеден өткеннен кейін және Оразақты 1937 жылы “халық жауы” деп әкеткен соң, ендігі кезек менікі шығар деп жүргем, көп тостырған жоқ. 1941 жылдың көктемінде Совет өкіметіне қарсысың, салық жинаушыны “Өкіметтің қайыршысы” деп айттың деп, 10 жылға соттады. Түгел өтеп, 1951 жылы елге оралдым”, – деп баяндайтын.
Әйтен СМАЙЛОВ, жиені.
***
Шешеміз Қазине Некібайқызы он үш құрсақ көтерді. Әкеміз Саржан Тілеубердіұлын 1937 жылы ұстап алып кеткенде артында тоғыз бала қалдық.
Біздің Бірлік ауылында бұрын “Оспан мешіті” деп аталатын Алла үйі болыпты. Оны 1933-34 жылдары ұжымшар болғанда, мұнарасын, айын құлатып, клуб етіп пайдаланыпты. 1936-37 жылдары біздің үйге көрші Мәдениет, Қаратал ауылдарынан біраз адамдар келіп, жұма намазын оқып жүрді. Содан елдің шолақ белсенділері әкемді молда, үйіне елді жинап, жұма намазын оқытады, кеңес өкіметіне қарсы адам деп көрсеткен екен.
“КСРО Жоғары Кеңесінің сайлауына аз күн қалғанда аудандық НКВД-ның екі-үш қызметкері келіп, қара машинамен әкем Саржан Тілеубердіұлын алып кетті. Мен онда 2-ші сыныпта оқитын едім. Мектептен келсем, әкем үйде жоқ. Шешемнен сұрасам, ауданға кеткенін айтты.
Артынан Нұрахмет деген бауырым екі-үш рет іздеп, Явленкаға барған екен, бірақ әкемізбен жолықтырмаған, қайда екенін айтпаған. “Енді келсең, өзіңді де жабамыз”, – деп қорқытқан.
Сонау бір зұлмат кезең шаңырағымызды шайқалтты, ешбір жазығы жоқ әкемізді жазалады. Оның қайда жерленгенін де білмейміз.
Жанахмет САРЖАНОВ.
Құнды құжаттар
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай “Мәңгілік мұң – шерлі шемен” тақырыбында ұйымдастырылған көрмеде ұлтымызды орны толмас қасіретке душар еткен кезеңнің маңызы түсіндірілді.
Шараға қатысқан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстары, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар, студенттер қатысушыларды тарихтан тағылым алуға, өткенге тағзым етуге шақырды.
Көрме сөрелеріне Смағұл Сәдуақасовты тіркеу карточкасы, Мағжан Жұмабаевтан жауап алу хаттамасы, ақынның төлқұжаты, И.В.Сталинмен бірге ВКП (б) 14 съезіне қатысқан қазақстандық делегаттардың суреттері сияқты тарихи дүниелер қойылған. Жиналғандар социалистік меншікті ұрлау фактілерін қорғау жөнінде бірлескен мемлекеттік саяси басқарма мамандарымен алмасқан хаттарды, шіркеулерді жабу, тұқым, нан, ет сатып алу туралы партиялық-кеңес өкіметі ұйымдарының бір-біріне жіберген құжаттарын мұқият қарап шықты. Сондай-ақ, партия қатарынан шығарылғандардың тізімі, поляктар, немістердің қоныс аударуы туралы ақпарат, Қазақстандағы халықты депортациялау диаграммасы туралы құжаттар да көрсетілді.
Аға буын өскелең ұрпаққа зобалаң заманда осындай бір жапырақ қағаздың қаншама адамның тағдырын күл-талқан еткенін, Қазақстан аумағындағы 11 жазалау лагерінде сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешкенін айтып өтті. Тарихымыздың осы ащы тағылымын бүгінгі ұрпақ жадына тоқып, зердесіне түйе білгені жөн.
Маржан АҒЫБАЙ, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ІІ курс студенті.