Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесі берілді.
«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ант беру рәсімінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құметті Сенатор» мәртебесін беру жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Мемлекет басшысының ұсынысын қолдай отырып, Сенат бюросының мүшелері «Құметті Сенатор» мәртебесі туралы ереже бекітті. Ережеге сәйкес, «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру жөнінде шешім Сенат отырысында қабылданады», – деп түсіндірді Сенат төрағасы Дариға Назарбаева. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде конституциялық-құқықтық негіздерін қалыптастырудағы, сондай-ақ отандық парламентаризмді орнықтырудағы және дамытудағы сіңірген тарихи еңбегін, Конституцияны, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамның бірлігін қамтамасыз етуге, елдің стратегиялық даму бағдарын айқындауға қосқан аса зор үлесін мойындай отырып, ҚР Парламенті Сенаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру туралы шешімді қабылдады.
www. inform.kz