Газет оқырманы Айгүл Қыдырменова өмір бойы белі бүгіліп, ауыр жұмыстар атқарған әкесінің бүгінгі күні мардымсыз зейнетақы алып отырғанына реніш білдіріп, хат жазған екен. Газетіміздің Whatsapp желісіне Петропавл қаласының тұрғыны Айгүл Қыдырменовадан сауал келіп түсті. Ол жастайынан түрлі жұмыста істеген 75 жастағы әкесінің ең төменгі зейнетақы алатынын ашына жазған.
Хат иесінің айтуынша, Есіл ауданының Өрнек ауылында тұрған Сәкен Қыдырменов ұзақ жылдар бойы механизатор болған, кейін мал баққан. “Әкем ауылымыз ұжымшар болған кезде трактормен жер жыртып, егін екті. Көктемгі егіс пен күзгі орақ жұмыстарына белсенді қатысатын. Оның сол тұста мұнай базасының меңгерушісі болғанын да ауыл адамдары жақсы біледі. Өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары ауылға бақташылар қажет болған соң мал бағумен айналысты. Көрген бейнетінің зейнетіне кенелер шақта денсаулығы сыр берді. 50 мың теңге зейнетақысы түгел дерлік дәрі-дәрмекке кетеді. Әкем: “Даланың шаруасы оңай емес. Бар өмірімді қара жұмысқа арнадым. Қартайған шақта мұндай күй кешемін деп кім ойлаған?!” – деп күрсінгенде, жүрегім сыздап, көзіме жас үйіріледі. Ауылдағы үйімізді сатып, қаладағы тозығы жеткен тұрғын үйлердің бірінен бір бөлмелі пәтер алған едік. Сонда қазір ата-анаммен бірге алты адам тұрып жатырмыз, – деген Айгүл Қыдырменова хатының соңында тиісті мекемелерден әкесінің неліктен аз мөлшерде зейнетақы алатынын біліп беруімізді сұраған.
Осы мәселе жөнінде “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Сәулеш Дүйсенбинаға хабарласқан едік. Ол былай деп жауап берді: “Сәкен Қыдырменов зейнет жасына шығар алдында 2007 жылы жұмыссыз болған. Әрі зейнеткердің тоғыз жыл бойы еш жерде жұмыс істемегені және еңбек өтілінің кейбір жылдары және қайда істегені туралы ақпараттың еңбек кітапшасына енбегені де есепке алынған. Сол себепті ол бүгінде ең төменгі зейнетақы алып отыр”.
Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, құқық қорғау, кәсіпкерлік, тағы басқа да салалар бойынша шешімі табылмай жүрген мәселелеріңіз, көкейкесті сауалдарыңыз болса, 8-705-463-13-29 нөміріне WHATSAPP желісі арқылы хабарлама жолдай аласыздар.
Біз өз кезегімізде оқырмандарымызды толғандырған сауалдарды тиісті органдарға жолдап, олардың жауабын газет бетінде жариялайтын боламыз. Хабарлама мәтіні түсінікті жазылып, оны жолдаушының аты-жөні, мекенжайы толық көрсетілуі қажет.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.