Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Мерейлі отбасы” жалпыұлттық байқауының облыстық кезеңі өтті. Конкурстың бас жүлдесі Уәлиханов ауданының Мұхамедьяровтар отбасына бұйырды.
Адамгершілік құндылықтарды жаңғырту, неке мен отбасы келбетінің оң үлгісін насихаттау және отбасының мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған додада үлкенінен кішісіне дейін түрлі салада жетістіктерге жетіп, шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтап отырған отаулардың аз еместігін байқап, қуандық. Отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттайтын шараға 2014 жылдан бері 400-ден астам отбасы қатысқан. Биыл 69 отбасы сынға түсіп, соның ішінен 17 шаңырақ үздік атанды. Салтанатты шара барысында жеңіс тұғырынан көрінген үздік отаулардың жанашырлық, адамгершілік, мейірімділік сияқты ізгі қасиеттерді берік ұстанатынын аңғардық. Шал ақын ауданының атынан сахнаға көтерілген ерлі-зайыпты Кияевтар нағыз үлгі тұтарлық жандар екен. Олар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бес баланы қамқорлығына алып, тәрбиелеуде. Ұл-қыздардың барлығы үздік білімімен көзге түсіп, аудан мақтанышына айналған. Ал, Жамбыл ауданынан келген ерлі-зайыпты Машиковтар он бір баланы дүниеге әкелген. Бүгінгі күні Айдархан Брәліұлы зайыбымен бірге зейнет жасына шығып, 31 немеренің қызығына бөленіп отыр.
Байқау жеңімпазы атанған Мұхамедьяровтар отбасы да береке-бірліктің қайнар көзі. Отағасы Болат Қазыұлы 31 жыл энергетик болып еңбек еткен. Асыл жары Мафруза Өсіпқызы ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегі үшін “Қазақ КСРО ағарту ісінің үздігі” төсбелгісімен марапатталған. Ерлі-зайыпты алты ұл тәрбиелеп, балалары мен немерелерінің үлкен жетістіктерге жетуіне жағдай жасады. Бұл отбасы республикалық кезеңде өңір намысын қорғайтын болады.