Полиция қызметкерлерінің пәтер жалдауына өтемақы енгізіледі. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди айтты. “Біз қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын және жалақысын арттыру бағытында байыпты қадамдарға барып отырмыз. Өздеріңіз де білесіздер, 1 шілдеден бастап сараланған түрде жалақыны көтереміз. Бұған қоса, отбасының бір мүшесіне өңірлерге байланысты 40 мың теңгеден бастап жалға алынған пәтер төлемі түріндегі өтемақы институтын енгізбекпіз. Ішкі істер бөлімдеріне қызметке келетін жастарға төленетін өтемақы көлемі 70 мыңнан 250 мың теңгеге дейін болады”, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.
Оның атап өтуінше, министрлік мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттың пәтерді жалға берушілердің қалтасына ғана кетпеуі үшін де арнайы шара қабылдап отыр. Яғни, полиция қызметкеріне жалға алған пәтерін белгілі бір уақыттан кейін сатып алуға мүмкіндік жасалады. “Біздің тұрғын үй қорымыз жоқ, баспана салмаймыз. Дегенмен, “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы бар. Мұндай шараны 1 шілдеден бастамақпыз. Себебі, заңнамаға өзгертулер енгізу қажет. Жаңа жылға дейін жеңілдетілген сызба жұмыс істейді. Яғни, адам баспананы жалға алу шартын жасасып, біз сол жалдау құнын 100 пайыз төлейміз”, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, пәтерді жалдау өтемақысын еліміз бойынша шамамен 16 мың полиция қызметкері алатын болады. Ол үшін жыл сайын 9,1 млрд. теңге қаражат бөлінеді. “Бүгінгі күнге дейін өтемақыны жедел уәкіл бөлімшелері мен тергеушілер ғана алып келген болатын. Олардың саны шамамен 6,5 мың адамды құрайды. Енді біз оларға тағы да 9 мыңнан астам адамды қоспақпыз. Олар: патрульдік полицейлер, учаскелік және кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар”, – деді Алексей Калайчиди.
Марлан ЖИЕМБАЙ.