Облыстық сотта келушілерге ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған фронт-кеңсе ашылды. Оған ведомство төрағасы Ерлан Айтжанов қатысты. Өткен жылы “Үлгілі сот” бағдарламасын жүзеге асыру аясында сотқа келушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Петропавл №2 қалалық және мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарда осындай кеңселер жұмысын бастаған еді. Бұл жолғы кеңсенің жалпы аумағы 183 шаршы метрді құрайды. Ол тұрғындарға заманауи қызмет көрсету талаптарына сай барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Бұл сот жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
– Фронт-кеңседе ақпараттық орталық, кіріс кеңсе және өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған үш алаң жұмыс істейді. Олардан сотқа өтініш берудің тәртібі, соттың орындауындағы істер мен материалдардың қаралу барысы, сот отырыстарын өткізу уақыты туралы деректерді алуға болады. Ал келушілер сотқа қажетті құжаттарын кіріс кеңсеге тапсырады. Күту залында тұрғындарға қолайлы болу үшін ұялы телефон арқылы сот органдарының интернет-ресурстарына кіре алатын “Wi-Fi”-ды пайдалану мүмкіндігі қарастырылған, – деді кеңсенің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ерлан Айтжанов.
Ашылу салтанатынан кейін мамандар жиналғандарға кеңсені аралатып, жұмысымен таныстырды. Бұл жерде, сондай-ақ, медиаторларға арналған татуластыру кабинеті, істің материалдарымен танысатын және құқықтық қызмет көрсететін орындар бар. Аталмыш кабинеттерде медиаторлар мен адвокаттар келушілерге құқықтық қызметтер көрсететін болады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.