Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті.
Алғашқы күні облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Петропавл қаласындағы көші-қон қызметі орталығына барды. Шетелдіктерге құжаттарын реттеуге қолайлы жағдай жасалған орталық осыдан екі жыл бұрын ашылған болатын. Қазіргі таңда мұнда 12 қызмет түрі көрсетіледі. “Open space” ашықтық қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталықта нотариус, сақтандыру агенттері, аударма бюросы, медициналық көмек көрсететін орын да бар. Ал қызмет сапасын “Digital agent” мобильді қосымшасы арқылы бағалауға болады.
– Мұндай үлгідегі көші-қон орталығы елімізде алғашқылардың бірі болып біздің өңірде ашылды. Қызмет түрлері электронды кезек арқылы көрсетіледі. Бұрынғыдай өткізу бекеті жоқ. Кеңес беру, күту, операция залдары, ақпаратты өңдеу секторы бар. Сондай-ақ, мұнда “Қазпочта” акционерлік қоғамының төлем кассасы жұмыс істейді.
Еңбек мигранттары осы жерде барлық шаруасын тындырады, – деді облыстық полиция департаментінің көші-қон полициясы басқармасының бастығы Талғат Әбілов.
Орталықтың ішін аралап көрген Алик Шпекбаев оның жұмысына оң бағасын беріп, кейбір мәселелер бойынша ұсыныстарын айтты. Әсіресе, ғимаратты тиімді пайдалануға баса назар аударып, лауазымды қызметкерлер кең кабинетте отырулары керек деген көзқарастан арылу қажеттігін сөз етті.
Осыдан кейін саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында А.Винокуров атындағы Спорт сарайында өңір басшысы мен агенттік төрағасы бастаған мемлекеттік қызметшілер мен қоғам өкілдері арасында волейболдан жолдастық кездесу өтті. Мұндай спорттық шаралар жергілікті атқарушы билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтады.
Жұмыс сапарының екінші күні Алик Шпекбаев №2 Петропавл қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен полиция басқармасында ашылған фронт-офистердің жұмысымен танысты. Бұл жерде де келушілердің жылдам, ешқандай кедергісіз қызмет алуына толық жағдай жасалған. Фронт-офис қызметкерлері әр адамды жылы жүзбен қарсы алып, оларға құқықтық кеңес береді.
– Ашықтық, халық үшін қолайлы жағдай жасау және әкімшілік кедергілерді азайту – бұл қазіргі қоғамның талабы, – деп атап өтті Алик Жатқамбайұлы.
Алик Шпекбаев медициналық қызметті сандық жүйеге көшіруде қанатқақты ұйым болып табылатын №3 қалалық емханаға да ат басын бұрды. Осыдан сегіз жыл бұрын ашылған емханада 76 дәрігер мен 246 орта медицина қызметкері 70977 адамға қызмет көрсетеді. Учаскелік дәрігерге, зертханаға қан тапсыруға, диагностика кабинеттеріне жазылу электрондық үлгіде жүргізіледі. Үстіміздегі жылы “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңесінің ұсынысымен қызмет көрсету сапасын жақсартып, дәрігерлердің жұмысын бағалау үшін Qr-код енгізіліпті. Алдағы уақытта зертханалық ақпараттық жүйені енгізу жоспарланып отыр. Аталған шаралар толық жүзеге асса, медициналық қызмет қолжетімді болады және тұрғындарға сапалы көмек көрсетіледі. Енгізілген жаңашылдықтар дәрігерлер жұмысын жеңілдете түскен. Әрі медициналық қызмет сапасын жақсартқан. Мәселен, тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағым 90 пайызға азайып, зертханада қызмет көрсету уақыты алты минуттан үш минутқа, ал қабылдауда кезек күту уақыты екі сағаттан 40 минутқа дейін төмендеген. Осының арқасында ем алуға келушілер бұрынғыдай сарыла кезек күтіп, шаршамайды.
Осыдан кейін Алик Жатқамбайұлы “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. 500-ге жуық өнім түрін шығаратын серіктестікте 1500-дей адам жұмыс істейді. Еліміз бойынша 10 филиалы бар. Жылдық тауар айналымы 7 млрд. теңгені құрайтын серіктестікке өнімдерін шетелге экспорттауға жол шығыны кедергі болып отыр. Осы орайда серіктестік басшысы Дмитрий Шарапаев “Жаңа Жібек жолы” жобасына үміт артып отырғанын жасырмады.
Елордалық мейман М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің материалдық-техникалық базасымен және жастардың бойында адалдықты қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысымен де танысты. Жыл сайын жаңа зертханалық кабинеттер алып, материалдық-техникалық базаны жаңартып отыратын жоғары оқу орнында “Саналы ұрпақ” офисі және студенттерге қызмет көрсету орталығы, “Адалдық дүкені” жұмыс істейді. Студенттермен тілдесіп, оларды толғандырып жүрген мәселелерді сұраған Алик Шпекбаев университет басшылығына қызмет көрсету сапасын одан әрі жақсарту керектігін айтты.
Бұдан кейін өткен жылы ашылған Оқушылар сарайына барған агенттік төрағасына Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Нұрғали Елшібеков өскелең ұрпақтың бойында адалдық сезімін қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Аталған мектепте оқушылар бір-бірінен көшірмейді. Ал бұл өз біліміне ғана сенетін, өзгенің еңбегін иемденбейтін адал, тәртіпті ұрпақты тәрбиелеуге мүмкіндік береді, – деді Нұрғали Елшібеков. Алдағы уақытта бұл тәжірибелерін жалпы білім беретін мектептерге енгізуді жоспарлап отыр.
Өткен жылдың аяғында ашылған “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесі де осы жерде орналасқан. Жоба жұмысына тартылған мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алты саланың жұмысын бақылауға алыпты. Қазіргі таңда салынып жатқан жолдар мен аулалардың сапасы жіті қадағалануда. Осы күнге дейін 110 өтініш түссе, соның жетпісі бойынша тиісті жұмыстар атқарылыпты. “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов пен жобалық кеңсе ақпараттық көмек көрсету бойынша меморандумға қол қойған. Бүгінгі таңда ауылында ауқымды жобаны жүзеге асыруды қолға алған кәсіпкер инфрақұрылымды дамыту бойынша мәселе туындап отырғанын жасырмады. Мұны шешу жолдары жобалық кеңсе алаңында талқыланып, ұсыныстар жасалыпты. Еркебұлан Мәмбетов кәсіпкерлерге сауатты құқықтық-ақпараттық көмек көрсететін осындай алаңның болғаны зор көмек, – деді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.