«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЖЫЛАНДЫРУ — ҚОЛДАУ ТЕТІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында “ҚазАгро” холдингі” АҚ-ның агроөнеркәсіп субъектілерін қаржыландыруды бастауына орайластырылған баспасөз конференциясы өтті. Қаржыландыру нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру аясында қолға алынып отыр.

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның басқарма төрағасы Жандар Омаровтың айтуынша, кəсіпкерлікті дамыту шаралары “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының жалғасы. Бағдарламаның операторлары “ҚазАгро”-ның еншілес компаниялары – “Аграрлық несие корпорациясы”, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” жəне “ҚазАгроКепіл” акционерлік қоғамдары.
Оның мақсаты елдің жұмыссыз азаматтары, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар, кəсіпкерлер, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың мүшелері, зейнеткерлік жасқа толмаған адамдар, ауыл шаруашылығы кооперациясына қатысушыларды қоса алғанда, шаруа жəне фермер қожалықтарына қолдау көрсету болып табылады. Нəтижелі жұмыспен қамту жəне жаппай кəсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша несиелер əртүрлі мақсатқа жылына 6 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен беріледі.
Бұл ретте тиімді жылдық мөлшерлеме 6,7 пайыздан аспайды. Несие өніміне байланысты кезеңі, сомасы, жеңілдік мерзімінің ұзақтығы өзгереді. Үстіміздегі жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 62,1 млрд. теңге сомасында қарыз беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Нəтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша – 27,5 млрд. теңге. Етті жəне сүтті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаларды қаржыландыруға басымдық берілетінін айта кету керек.
Ал “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның басқарушы директоры Гүлмира Ерғалиева корпорацияның бағдарламаға қатысушыларды қаржыландыруды микроқаржылық ұйымдар арқылы жүргізетінін айтты. Бұл сату арналарының санын арттырады жəне аудан орталықтары мен шалғай ауылдарда несие алуға мүмкіндік береді. Корпорация қарыз алушыларға 84 ай мерзімге 8000 АЕК-ке дейін 6 пайызбен несие береді. Бұл қаржы мал шаруашылығына, өсімдік шаруашылығына, сондай-ақ, ауылдық жерлердегі ауыл шаруашылығы емес бизнес түрлеріне арналған. 2019 жылы 17,482 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланып отыр.
Несие алушылар кепіл мүлкі жетпеген жағдайда бағдарламаға қатысатын тағы бір ұйым “ҚазАгроКепіл” АҚ-ы арқылы бюджет қаражаты есебінен кепілдікке ие бола алады. Бұл ұйым ісін жаңа бастаған кəсіпкерлердің стартап жобаларын бастауға, сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге бағытталған қолдауды жүзеге асырады.
– Кепілдік беру құралын 726 фермер пайдаланды, басым бөлігі – бизнесін нөлден бастаған кəсіпкерлер. Қазір біздің ұйым арқылы берілген кепілдіктердің жалпы сомасы 2 596 млн. теңгеге жетті. Кепілдікпен берілген қарыздың орташа сомасы – 6,6 млн. теңге, – дейді “ҚазАгроКепіл” АҚ-ның басқарма төрағасы Қазбек Иманқұлов.
Қазіргі уақытта “ҚазАгро” ұлттық холдингінің еншілес компанияларының барлық филиалдарында несие беруге жəне кепілдендіруге өтінімдер қабылдау басталды.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp