Италияның Сассари қаласында еркін және әйелдер күресінен “Sassari City Matteo Pellicone Memorial” атты халықаралық турнир өтті. Оған әлемнің бірнеше мемлекетінен қыруар спортшы қатысты.
Бұл жарыста еліміздің намысын қорғаған республикалық құраманың сапында жерлес балуанымыз Нұрғожа Қайпанов та 70 килограммға дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
Еркін күрестен өткен доданың қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар екі алтын, үш күміс және екі қола медальды қанжығаларына байлап қайтты. Облысымыздың жас үкілі үміті және сайыпқыраны өзінің салмағы бойынша өткен бәсекенің ақтық сынында Белоруссияның өкілі Георгий Колиевті айқын басымдықпен жеңіп, алтыннан алқа тағынды.
Әйелдер күресінен өткізілген сайыстың нәтижесінде Айна Теміртасова мен Жәмила Бақбергенова 65 және 72 килограммға дейінгі салмақта екінші орынның иегерлері атанды.
Еске сала кетсек, сәуір айында Нұрғожа Қайпановқа Қытай елінің Сиянь қаласында спорттың осы түрінен өткен Азия чемпионатының жеңімпазы атану бақыты бұйырды.