Мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары шалғайда орналасқан елді мекендерді аралап, тұрғындарды мемлекеттік қызметтерді ауылдан шықпай-ақ алуға үйретуде. Оқыту семинарларына мемлекеттік мекемелердің мамандары ғана емес, жеке және квази мемлекеттік сала қызметкерлері де қатысуда.
Осындай семинарлар 20-28 мамыр күндері аралығында Тимирязев ауданындағы Хмельницкий, Тайынша ауданындағы Чермошнян, Большеизюмовский ауылдық округтерінде, Есіл, Аққайың, Уәлиханов аудандық кәсіпкерлер палаталарында, Ақжар, Қызылжар, Жамбыл аудандық әкімдіктерінде, Петропавл қаласындағы Ұлттық Ұлан әскери институтында, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалында, тағы басқа мекемелерде өтті. Оқыту шараларына 800-ден астам адам қатысып, 500-ден астамы электронды-цифрлық қолтаңба алды.
Семинар барысында мамандар “E-gov” порталынан, бірреттік SMS-құпиясөз арқылы сұранысқа ие анықтамаларды алу тәртібі түсіндіріп, қызмет алушының құқықтары, “TelegramBot” қызметін пайдалану барысын көрсетеді. Оның үстіне, азаматтарға мемлекеттік қызметтің сапасын бағалай алатын “Digitalagent” мобильді қосымшасы таныстырылды.
Облыстағы әкімдік және мектеп ғимараттарында орналастырылған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында кез келген адам мемлекеттік қызметті электронды түрде алуды үйрене алады.