Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың өңірімізге жұмыс сапары мемлекеттік қызметті жетілдіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту мәселесі талқыланған облыс активінің отырысымен түйінделді.
Актив отырысына төрағалық еткен облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірімізде мемлекеттік қызмет сапасын жақсартуда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Соңғы жарты жылда төрт рет “Ашық әкімдік” қоғамдық қабылдауын өткіздік. “Қызылжар-адалдық алаңы” жобалық кеңсесімен бірлесе медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында медицина қызметкерлерінің жұмысын бағалайтын жүйе енгізілді. Алдағы уақытта аталған жүйе барлық емдеу мекемелеріне енгізілетін болады. Шілде айында бұл жүйені мемлекеттік қызметшілердің де жұмыс сапасын бағалау үшін енгізетін боламыз. Әсіресе, рұқсат құжаттары берілетін органдарды қамтимыз, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас жемқорлық қаупін төмендету мақсатында бір көзден алудың саны азайтылуда. 2017-2018 жылдары шартты тікелей жасасу арқылы мемлекеттік сатып алу 19 пайызға төмендесе, биыл 24 пайызға азайту көзделіп отыр. Ал мемлекеттік органдардың тиімділігін штатты оңтайландыру арқылы арттыру жоспарланып отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаментiнің басшысы Асхат Жұмағалидің айтуынша, жемқорларды ұстау арқылы бұл кеселді тамырымен жою мүмкін емес. “Бірі ұсталғанымен, оның орнына екіншісі келеді” деген ол екі жылда бір департаменттің екі бірдей басшысы ұсталғанын тілге тиек етті. Осы орайда жемқорлыққа итермелейтін жағдайларды жою керек деген Асхат Жұмағали бұл бағыта атқарып жатқан жұмыстарын баяндап берді.
Үстіміздегі жылдың өткен айларында мемлекеттік органдарға 71 ұсыныс енгізілді. Ұсыныстарды қарау барысында 40 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 16 адам қызметінен босатылды. “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік зерттеуіне сүйенсек, біздің өңірде сыбайлас жемқорлықтың шырмауы кең таралмаған. Десек те, өткен төрт айда 72 қылмыс тіркелген. Сыбайлас жемқорлыққа барды деген 35 күдікті анықталған. 51 іс сотқа жіберіліп, 14 адам сотталыпты. Әсіресе, тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа баса назар аударылып отыр.
– Көпшілікте туындаған мәселені пара беру арқылы шешуге болады деген көзқарас қалыптасқан. Біз жедел ақпараттарға және тұрғындардан түскен өтініштерге сараптама жасай отыра, тәуекел аймағын анықтадық. Ол – жол полицейлері. Облыс орталығында 80 мыңнан астам көлік иесі бар. Жылына бір рет 10 жүргізушінің тоғызы сыбайлас жемқорлықты өз басынан өткізген болуы мүмкін деген болжам жасаған едік. Күн сайын 31 жол полициясы экипажы кезекшілікке түседі. Жедел шаралардың нәтижесінде біздің болжамымыз расталды, – деген Асхат Жұмағали пара алуды пайда көрген жол полицейлері ұсталғанын айтты.
Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтуда, жол құрылысында, ауыл шаруашылығында, білім саласында орын алған “бармақ басты, көз қыстылықты” тілге тиек еткен департамент басшысы табиғи ресурстарды қорғау және тиімді пайдалану саласында сыбайлас жемқорлық кең етек алғанын айтты. Орман қорын саудаға салған тұлғалар қазір заң алдында жауап беріп жатыр.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Елена Степаненко атқарып жатқан жұмысын жіпке тізгендей қылып баяндады. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілуіне байланысты өңірімізде оңтайландыру бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Алайда, жаңа жүйені толық енгізу үшін оңтайландыру жұмысы жеткіліксіз деңгейде жүргізілуде. Бүгінгі таңда тек дін істері басқармасы мен үш коммуналдық мемлекеттік ұйым ғана таратылыпты. Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оңтайландырудың арқасында қызметкерлердің еңбекақысын екі есеге өсіріпті.
Отырыс барысында облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсенің осы күнге дейін атқарған жұмысына жан-жақты тоқталды. Бүгінгі таңда жобалық кеңсе тобы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты қатаң бақылауға алыпты.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев екі күндік жұмыс сапары кезінде өңірімізде мемлекеттік қызмет сапасын арттыру үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқанына көз жеткізгенін айтып, оң бағасын берді.
– Қазір біз сыбайлас жемқорлық деген сөзі қолданыстан шығаруымыз керек. Мұның орнына мемлекеттік қызметшілердің әдебі, адалдық, әділдік, ашықтық деген сөздерді қолдана отырып, қоғамның бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыратын боламыз. Бұл біздің ата-бабаларымыздан қалған мәдениет емес пе?! Қазіргі таңда “Біреудің ала жібін аттама”, “Обал болады” деген сөздердің маңызы артты, – деді Алик Шпекбаев.