9 мамыр мерекесі қарсаңында полиция ардагерлері Ақан Сыздықов пен Евгений Райтенбах “Батырлар жолымен” халықаралық патриоттық жоба шеңберінде Ресейдің Кингисепп қаласындағы “Роща Пятисот” мемориалдық саябағында қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысып, барша солтүстік өңір тұрғындарының атынан сеніп тапсырылған міндетті абыроймен орындап қайтты.
Олар Ленинград құрсауының бұзылғанына және Кингисепп қаласының фашистерден азат етілгеніне 75 жыл толуына орай тұрғызылған мемориалдың жер қойнауына туған өлкенің топырағы салынған капсуланы орнатты. Бұл екі шайқаста 314-інші атқыштар дивизиясы құрамында болған солтүстікқазақстандық жауынгерлер жауды ойсырата жеңіп, ерлік үлгісін көрсетті. “1944 жылдың қаңтарында дивизия Волховский майданының 2-інші әскер құрамында Ленинград-Новгород шайқасына қатысты. Қиян-кескі ұрыс барысында Пустомержа, Мануйлово және Веймарн елді мекендері жау қолынан азат етілді. Бұдан соң 314-інші атқыштар дивизиясы Луга өзенін кесіп өтіп, біздің туған қаламызды азат ету жолында ерлікпен шайқасты. Осындай батырлығы үшін майдангерлеріміздің құрамы “Кингисепп дивизиясы” деген құрметті атаққа ие болды.
Ресей жерінде жерлес жауынгерлердің рухына тағзым ету шаралары екі ел ардагерлерінің кездесуіне ұласты. Өлкетану мұражайында өткен шарада жерлестеріміз кингисепптіктерге солтүстікқазақстандық Ұлы Отан соғысының ардагерлері жайлы кітапты тарту етті. “Бұл қалаларды жаудан қорғау үшін жанын беруге дайын болған қазақстандық майдангерлерге деген құрметке қаныққан мұндай шаралардың куәсі болу мен үшін үлкен абырой. Батыр ата-бабаларымыздың есімі өзге елде құрметпен аталып жатқанында бойымызды мақтаныш сезімі кернеді. Ұлы Отан соғысы майдангерлерінің ерлігін келер ұрпаққа паш ету міндетінің маңыздылығы еш уақытта жойылмайтынына тағы бір көз жеткізгендей болдым”, – дейді Ақан Сыздықов.
Тамерлан ЕЛУБАЙ.