Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының басынан небір қиыншылық пен зұлматты жылдар өткені тарихтан белгілі. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні – соның бір айғағы.
Кеше қызылжарлықтар зұлматты жылдарда жазықсыз жапа шеккендерді еске алу үшін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған монументтің жанына жиналды.
Көзіне жас тұнып, көңілін мұң торлаған жандардың ішкі сыры белгілі. Елдің басына қара бұлт болып үйірілген сұрқия саясаттың кесірі тимеген отбасы кемде-кем.
– Адам қолымен жасалған қуғын-сүргінде Қазақстаннан 103 мың, біздің бір облыстан 8 мыңдай жазықсыз жан “халық жауы” атанды. Артында зар жылап қалған жетім-жесірлердің өмірде көрген зорлық-зомбылығы әлі есте. Бүгінгі ұрпақ сол сорға толы қаралы кезеңнің нәубетін білуі, саналы түрде бағалауы, мәңгілікке ел есінде қалдыруы керек, – деді қаралы жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев.
“Память” қоғамдық қорының төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Болат Сағындықов атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, көп қырлы тарихымыздың бір бөлігі ретінде саяси қуғын-сүргін құрбандарына лайықты көңіл бөліну керек десе, “Барбанг” күрдтер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің облыстық фиалының төрағасы Рашид Надировтың айтуынша, зобалаң жылдардың құрбаны болғандардың әрқайсысы –жеке-жеке тарих.
Жиналған қауым саяси қуғын-сүргін құрбандарын бир минут үнсiздiкпен еске алғаннан кейін, гүл шоқтарын қойды.
Осы күні қызылжарлықтар солақай саясаттың құрбаны болған рухты ақын Мағжан Жұмабаевтың да ескерткішінің қасына жиналды. Ұлт болашағы үшін күрескен Алаш қайраткерінің рухты жырлары кейінгіге қалған сөз болғанын өмірдің өзі дәлелдеп берді.