Тәртіп сақшылары жазғы демалыс уақытында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған шаралар науқанын “Жүргізуші, біз демалысқа шықтық!” акциясымен бастады. Оның аясында оқушылар қала көшелеріне шығып, жүргізушілерді жолда жүру ережесін сақтауға және абай болуға шақырды.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев ведомствоның жеке құрамына жазғы демалыс уақытында балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар жергілікті полиция қызметі мен төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бөліністері балалардың бос уақытын өткізетін орындардың, әсіресе, барлық аттракциондардың техникалық жабдықталуы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруде.
Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері тәртіп сақшыларымен бірге көлік тұрақтарына, сауда үйлерінің алдына барып, балалар салған суреттерді жүргізушілерге таратты. Автокөлік жүргізушілерінің дені өрендердің бұл бастамасын қолдап, жолда мұқият болуға уәде берді.
Іс-шара кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығында қорытындыланды. Қатысушылар патрульдік полиция машиналарының құрылымымен және орталықтың жұмысымен танысты. Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай шаралар бала тәрбиесіне оң әсер етеді. Сондай-ақ, полицейлер мектеп оқушыларына кешкі сағат оннан кейін үйден тыс жерде ересектердің қарауынсыз жүруге болмайтынын ескертті.
“Қызылжар-Ақпарат”.