Өткен оқу жылында өңіріміздің 17 мектебінде қанатқақты жоба ретінде кәсіпкерлік негіздері пәні оқытылған болатын. Кәсіп ашудың қыр-сырын үйренген балалар уақыт оздырмай білгендерін іске асыра бастады.
Қызылжар ауданындағы Бескөл орта мектеп-гимназиясы – қанатқақты жобаны жүзеге асырған оқу орнының бірі. Мұнда факультативтік сабаққа 20 бала қатысып, бизнес-жоспар құруды, кірістер мен шығыстарды есептеуді үйренген. Соның бірі – Мерей Әбілмәжінова. Өзінің жеке кәсібін ашуға бел буған оқушы гипстан тоңазытқышқа сән беретін магниттер жасайды. Туған ауылы – Бескөлдің көрікті жерлерін бейнелейтін оқушы кәсібінің алдағы уақытта табысты болатынына сенімді. Бір магниттің бағасы – 150 теңге.
– “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен типтік оқу бағдарламасы әзірленді. Екі жылға шақталған бағдарлама барысында 30 пайыз теориялық, 70 пайыз тәжірибелік білім беріледі. Осылайша, мектеп оқушыларының қаржылық сауаттылығы мен кәсіпкерлікке деген қызығушылықтарын арттырмақшымыз, – деді өңірлік кәсіпкерлік палатасының сарапшысы Ирина Торопова.
Келер оқу жылынан бастап бұл пән еліміздің барлық білім ошақтарында факультатив ретінде оқытылады.
“Қызылжар-Ақпарат”.