Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларының барысында бұрын сотталған 1981 жылы туған петропавлдықтан қолдан жасалған револьверді тәркіледі.
Күдікті қаруды 1999 жылы Аққайың ауданындағы Қиялы ауылының жанынан тауып алғанын айтты. Сараптама көрсеткендей, қару «наган» жүйесі револьверінің бөлшектерін пайдаланумен қолдан жасалған атыс қаруы болып табылады. Қару 5,6 мм. калибрлі оқпен атуға жарамды деп танылды. Барлық белгілер бойынша қару 1990 жылдардың басында жасалған. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.
Криминалдық тексеріс нәтижесі қарумен ешқандай қылмыс жасалмағанын көрсетті. Егер күдікті тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсыру акциясына қатысса, заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылып қана қоймай, 70 мың теңгедей сыйақыға ие болар еді.
Жалпы жыл басынан облыста заңсыз сақталған 2 атыс қаруы, 12 калибрлі 28 аңшы патроны, сондай-ақ, оқ-дәрілерді жасау кезінде жұмсалатын материалдар: жалпы салмағы 3 кг. жуық 3 банка оқ-дәрі және 1 кг. жуық бытыра алынды.