«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘРІПТЕСТІК НЫҒАЯ ТҮСЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге Өзбекстан Республикасының Хорезм облысы басшылығы мен кәсіпкерлерінен құралған делегация келді. Облыстық әкімдікте екі өңір арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған кездесу өтті.
Жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов елімізде шетел инвесторлары үшін қолайлы жағдай жасалғанын айтып, меймандарды өңірдің экономикалық әлеуетімен таныстырды.

– Хорезм облысы – тарихи өңір. Оның Үргеніш, Хиуа сияқты қалалары – туристік аймақ. Біздің өңіріміз де географиялық тұрғыдан қолайлы. Ресейдің үш облысымен шекаралас. Облысымызда ауыл шаруашылығы саласы да жақсы дамыған. Біз жыл сайын 4 миллионға жуық әртүрлі дақыл ексек, күзгі орақ науқаны кезінде 5 миллион тоннадан астам бидай жинаймыз. Өзбекстанмен арадағы сауда-саттық 2017 жылмен салыстырғанда 55 пайызға өсті. Біз мұнда көбіне бидай экспорттасақ, мақта-мата өнімдері мен көкөніс-жемістерді импорттаймыз. Бұл әріптестікті одан әрі жалғастыруға ниеттіміз, – деді Құмар Іргебайұлы.
Хорезм облысы әкімінің бірінші орынбасары Кудратбек Игамбергеновтің айтуынша, аталмыш облыс – Орталық Азиядағы ежелгі аймақтардың бірі. Хорезмде көлік инфрақұрылымы жақсы дамыған. Сыртқы тауар айналымы 242 миллион АҚШ долларын құраса, оның 72 миллион АҚШ доллары Қазақстанға тиесілі. Сондай-ақ, бұл өңірде жылына 250 мың тонна мақта, 490 мың тонна бидай және 1 миллион тоннадан астам көкөніс пен жеміс өндіріледі. Облыс аумағында жемазық, жібек, әйнек, көлік шығаратын ірі зауыттар жұмыс істейді. Үргеніш, Хиуа сияқты қалаларға келуші туристердің саны күн санап артуда. Өткен жылы бұл облыста үш мыңнан астам қазақстандық демалып қайтқан. Сөз соңында Кудратбек Игамбергенов Хорезм облысының өңірімізбен бірлескен жобаларды жасауға ниетті екенін жеткізді.
Бүгін және ертең Петропавл қаласының орталығында көрші ел тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтеді. Қызылжарлықтар Қазақстан Конституциясы көшесінің орталық алаңында (қалалық әкімдіктің алды) жайғасатын жәрмеңкеде көкөністер мен жемістер, тоқыма, кілем, сондай-ақ, қолөнер және қыш-құмыра бұйымдарын сатып ала алады. Тауарлардың құны нарықтағы бағадан арзан болады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,  “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp