«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ЖЕТІЛДІРУ — УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың өңірімізге жұмыс сапары мемлекеттік қызметті жетілдіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту мәселесі талқыланған облыс активінің отырысымен түйінделді.

Актив отырысына төрағалық еткен облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірімізде мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Жыл басынан бері төрт рет “Ашық әкімдік” қоғамдық қабылдауын өткіздік. “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесімен бірлесе медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында медицина қызметкерлерінің жұмысын бағалайтын QR-код жүйесі енгізілді. Алдағы уақытта осындай жаңашылдық барлық емдеу мекемелеріне енгізілетін болады. Биылғы шілде айынан бастап мемлекеттік қызметшілердің жұмыс сапасы осындай үлгімен бағаланбақ. Әсіресе, рұқсат құжаттары берілетін органдарды қамтимыз, – деді өңір басшысы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаментiнің басшысы Асхат Жұмағалидің айтуынша, ардан аттағандарды жазалау арқылы бұл кеселді тамырымен жою мүмкін емес. Соңғы екі жылда бір департаменттің екі бірдей басшысы парамен ұсталған. Осы орайда жемқорлыққа итермелейтін жағдайларды жою керек деген Асхат Жұмағали бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарын баяндады.
Үстіміздегі жылдың өткен айларында мемлекеттік органдарға 71 ұсыныс енгізілді. Нәтижесінде 40 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 16 адам қызметінен босатылды. “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік зерттеуіне сүйенсек, біздің өңірде сыбайлас жемқорлық кең таралмаған. Десек те, өткен төрт айда 72 қылмыс тіркелген. Сыбайлас жемқорлыққа 35 күдікті анықталған. 51 іс сотқа жіберіліп, 14 адам жаза арқалады. Әсіресе, тұрмыстық сыбайлас жемқорлық белең алып тұр.
– Көпшілік арасында туындаған мәселені пара беру арқылы шешуге болады деген көзқарас қалыптасқан. Біз жедел ақпараттарға және тұрғындардан түскен өтініштерге сараптама жасай отыра, жол полицейлерінің бармақ басты, көз қысты әрекеттерге бейімдігін анықтадық. Облыс орталығында 80 мыңнан астам көлік иесі бар. Күн сайын 31 жол полициясы экипажы кезекшілікке шығады, – деген Асхат Жұмағали пара алу барысында бірнеше жол полицейі ұсталғанын айтты.
Департамент басшысы тұрғындарды таза ауызсумен қамтуда, жол құрылысында, ауыл шаруашылығында, білім беру саласында да “бармақ басты, көз қыстылық” белең алып тұрғанын тілге тиек етті. Табиғи ресурстарды қорғау және тиімді пайдалануды жүзеге асырушылар арасында да сыбайлас жемқорлық кең етек алған. Орман қорын саудаға салған тұлғалар қазір заң алдында жауап беруде.
Бұдан кейін мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Елена Степаненко осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілуіне байланысты өңірімізде оңтайландыру шаралары жүзеге асырылуда. Алайда, жаңа жүйені толық енгізу үшін бұл жұмыстар мардымсыз жүргізілуде. Бүгінгі таңда тек облыстық дін істері басқармасы мен үш коммуналдық мемлекеттік ұйым ғана таратылыпты. Мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы оңтайландыру шаралары сәтті жүзеге асқанда ғана өсіріледі.
Отырыс барысында облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсенің осы күнге дейін атқарған жұмысына жан-жақты тоқталды. Бүгінгі таңда жобалық кеңсе тобы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты қатаң бақылауға алды.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев екі күндік жұмыс сапары кезінде өңірімізде мемлекеттік қызмет сапасын арттыру үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқанына көз жеткізгенін айтып, оң бағасын берді.
– Сыбайлас жемқорлық деген сөз қолданылмау керек. Мемлекеттік қызметшілердің әдебі, адами қасиеті арқылы қоғамның бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыратын боламыз. Қазіргі таңда “Біреудің ала жібін аттама”, “Обал болады” деген сөздердің маңызын арттыруға күш салған жөн, – деді Алик Шпекбаев.
* * *
Өңірімізге жұмыс сапары барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовпен бірге Шал ақын ауданына барып, бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.
Олар алдымен Жаңажол ауылындағы Ғалым Малдыбаев атындағы мектепке ат басын тіреді. Шал ақын ауданының әкімі Нұрлан Есімов атап өткендей, екі жыл бұрын Приишим ауылындағы мектепке сабанмен жағылатын биоқазандық орнатылған. Осылайша, қазына қаржысын үнемдеуге болатынына көз жеткізген жергілікті билік былтыр тоғыз мектеп, бір балабақша және аудандық әкімдіктің ғимаратына осындай қазандықтар қойды. Қонақтар арнайы барған бұл білім ордасы да сабанмен жылытылады.
– Осыған дейін әлеуметтік нысандар көмірмен жылытылды. Қатты отын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылынан жеткізілетін. Бұл да біз үшін қосымша шығын еді. Ауданда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, сабан жеткілікті. Соңғы үш жылдың ішінде майлы дақылдардың көлемі екі есеге артты, – деді Нұрлан Есімов.
Алик Жатқамбайұлы жеке кәсіпкерлердің білім ордасына қамқорлық танытып, қолдау көрсетуге деген көзқарасын сұрады. “Жергілікті жерде жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқарып отырған Бағдат Тасбаев есімді азамат мектепке үнемі қол ұшын береді. Қазандықты орнатқан кезде де оның көмегі аз болған жоқ. Білім ордасына жанашырлық танытатын азаматтар аз емес. Түлектермен де тығыз байланыс орнаттық, олар өздері білім алған мектепке қолдау көрсетеді. Асханаға қажетті жиһаздарды, музыкалық аппаратура сатып алуға көмектесті”, – деді мектеп директоры Жайнагүл Қазбекова.
Осыдан кейін меймандар Сергеевка қаласындағы аудандық орталық ауруханаға ат басын бұрды. Бас дәрігер Айдар Мұстафин мекемеде құжаттарды автоматтандыруға мүмкіндік беретін “Надежда” медициналық ақпараттық жүйесі жайлы әңгімеледі. Аталған жүйе “Egov”-пен интеграцияланған. Осы орайда Алик Шпекбаев орталық мемлекеттік органдарға жүйені барлық республика бойынша интеграциялап, емделушілердің медициналық карталарын цифрландыру жөнінде ұсыным жолдау керектігін айтты.
Ауруханада аудан тұрғындарына дәрігерлердің қабылдауына онлайн жазылып, емдеу процесі бойынша қажетті ақпараттарды алуға, тағайындауларды дұрыс орындауға көмектесетін, сондай-ақ, емделушілерге денсаулыққа қатысты тексерістерден өту керектігі жөнінде ескертетін, жалпы медициналық қызметтерді алу үрдісін жеңілдететін әрі жеделдететін “SKOMED” қосымшасы енгізілген. Жергілікті тұрғындардың шағымдары мен өтініштерін “Call-орталығы” қабылдайды.
Шал ақын ауданына жұмыс сапары барысында Алик Жатқамбайұлына “Ашық әкімдік” жобасы таныстырылды. Осындай жоба 2017 жылдан бері Петропавл қаласы әкімдігінде жүзеге асырылуда. Ал облыс аудандарының арасында шалақындықтар алғашқы болып осындай жаңашылдыққа бет бұруда. Аудан әкімі Нұрлан Есімов тұрғындардың кеңес алуына ыңғайлы алаң жасау арқылы тиімді әрі қолжетімді қызмет түрлерін көрсетуге мүмкіндік туғанын айтты. Жоба аясында әкімдіктің мамандары “Openspace” қағидаты бойынша төменгі қабаттағы бір кабинетке көшірілген. Ресепшнде келушілерге бағыт беретін кеңесші, балаларға арналған ойын алаңы, күту залы, LED-теледидар, тегін “Wi-Fi”, бейнебақылау жүйесі орнатылған. Босаған жоғары қабаттарға Сергеевка қаласы әкімінің аппаратын көшіру жоспарланып отыр. Осылайша, ғимарат жалдауға жұмсалатын 600 мың теңге қаржы үнемделмек.
Бұдан кейін аудан активімен өткен жиналыста Нұрлан Есімов жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндап, соңғы жылдардағы көрсеткіштер жайлы айтты.
– Жергілікті жерде ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Маусым айынан бастап аудандағы 2 мыңнан астам жұмысшының еңбекақысы артады. Өткен жылы ауданда “Пилорама”, “Дархан Айдосұлы” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты бірқатар өндіріс ошақтары жұмысын бастады. Туризмді дамыту шараларының аясында “Beauty land” демалыс орнының құрылысы аяқталуға жақын. Соңғы үш жылда 1,7 млрд. теңгеге 204 шақырымнан астам жол жөнделді. Биыл Кеңес, Жаңажол, Балуан ауылдарына баратын жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз, – деді Нұрлан Орынбасарұлы. Сонымен қатар жалпы сомасы 534 млн. теңгені құрайтын 27 пәтерлік тұрғын үйдің және дене шынықтыру-сауықтыру орталығы құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленген.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын берген Алик Жатқамбайұлы биыл мұнда сыбайлас жемқорлық қылмыстары тіркелмегеніне ерекше тоқталды.
Содан кейін аудан активінің пікірін тыңдаған агенттік төрағасы толғандырған сұрақтарына жауап берді.

 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp