«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЯЖАЙ АЛАБЫ ТАЛАПҚА САЙ БОЛУЫ ТИІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалық етуімен Петропавл қаласындағы саяжай алабын дамыту және “Уақытша отбасы” қанатқақты жобасын жүзеге асыру мәселелері бойынша отырыс өтті. Оған селекторлық режімде аудан әкімдері, басқармалар және ведомстволық мекемелер басшылары қатысты. 

 Бірінші мәселе бойынша қала әкімі Болат Жұмабеков баяндама жасады. Бүгінгі күні қала аумағында 136 бау-бақша және саяжай серіктестігі жұмыс істейді. Олардың құрамындағы 50 мыңға жуық саяжай учаскесі 2847 гектар аумақты алып жатыр. Жергілікті әкімдік тарапынан иесіз қалған 24672 саяжай бойынша түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Бау-бақшалардың 70 пайызы ғана сумен қамтамасыз етілген. Электрмен жабдықтау мәселесін толықтай шешу мақсатында әкімдік тарапынан тиісті шаралар атқарылғанымен, үш жылдай жарықсыз отырған саяжайшылар бар. Болат Жұмабековтың айтуынша, қала әкімдігі бау-бақша серіктестіктерінің электр жүйелерін қаланың орталықтандырылған торабына қайта қосу үшін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу үстінде. “КапиталСтройПроект” ЖШС осы жұмысты жыл аяғына дейін аяқтауы тиіс. Бүгінгі күні саяжай аумағын күзету міндеті жеке агенттіктер мен жалдамалы жұмыскерлерге жүктелген. Сонымен қатар қалалық полиция басқармасының атты әскері екі бағыт бойынша тәртіпті бақылауда. Қала әкімінің сөзінше, саяжай учаскелеріне қатынайтын жолдар бойынша да жұмыстар атқарылуда. Олардың 80 пайызы қара жол болғандықтан, үнемі жөндеуді талап етеді. Жыл сайын маусым басталар алдында автобустардың қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 13 бау-бақша бағыты бойынша жолдар тегістеліп, құм төселеді. 22,8 млн. теңгеге қосымша 6 жолды жөндеу көзделіп отыр. Қала әкімі саяжайшылар үшін автобус қозғалысы бағыттарының кестесі бағбаншылардың талап-тілектерін ескере отырып жасалғанын айтты. 1 мамыр-1 қазан аралығында қоғамдық көліктер 13 бау-бақша серіктестігіне қатынайтын болады. 
Қала әкімінің баяндамасын мұқият тыңдаған соң, облыс басшысы Құмар Ақсақалов осы мәселеге орай саяжай алабына арнайы барып, оларды аралап шыққанын айтты. Оның айтуынша, демалыс күндері 20 мыңға жуық тұрғын саяжайларына барып, бау-бақшалықпен айналысады. Алайда, бұл саланың кемшін тұстары аз емес. Мәселен, атты полицияның тек екі бағытта тәртіпті бақылауы аздық етеді. Әрі саяжайлардағы ұрлық, тонау фактілері бойынша кінәлілерді анықтау нәтижесі де көңіл көншітпейді. Әсіресе, өрт болған кезде оқиға орнына жету қиындық тудырады. Саяжайлардың 30 пайызы сумен жабдықталмаған. Бұдан басқа, 51 бау-бақша серіктестігінде жарық жоқ. Салдарынан бұл аумақтағы тұрғындар тарапынан заңсыз, өздігінен электр тораптарына қосылу фактілері тіркелген. Құмар Ақсақалов қала әкіміне қаржыландырудың өзге тетіктерін тауып, су, жарық және жол мәселелерін біртіндеп шешу керектігін ескертті. Сондай-ақ, ол облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевқа атты полиция мен автопатруль бағыттарын үш есеге арттыру жөнінде тапсырма берді. Жол жөндеуге жауапты мердігер компаниялардың кепілдемесін әдеттегідей бір емес, бірнеше жылға созу керектігі де сөз болды. Өңір басшысының айтуынша, кейбір жолдар бір жыл өтпей, тозып жатады. Осындай жағдай орын алмауы үшін жергілікті әкімдік жұмыстың сапалы жүргізілуін қатаң қадағалауға алу қажет. Құмар Ақсақалов саяжай алабындағы қоқысқа қатысты да сын айтты. “Қала маңайы күл-қоқысқа толып тұр. Бұл да өрттің орын алуына бірден-бір себеп. Саяжай учаскелерінің дені Қызылжар ауданының аумағында орналасқан. Сондықтан аталмыш ауданның әкіміне тұрғындармен кездесіп, аумақты қоқыстан тазарту мәселесі жүктелді. Сондай-ақ, облыс әкімі белгіленбеген жерде сауда-саттық жасауды тоқтату керектігін атап өтті. Бүгінде саяжайшыларға қала базарларынан 300 орын берілген. “Қоғам денсаулығы басты орында болуы тиіс. Қалаған жерінде сауда жасап, санитарлық талаптарды орындамағандардың кесірінен улану жағдайлары тіркеледі. Осындай келеңсіз жайттарды болдырмау үшін тиісті органдар тәртіпті күшейтуі қажет”, – деді Құмар Іргебайұлы. 
“Уақытша отбасы” қанатқақты жобасының жүзеге асырылуы барысын облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова баяндады. Біздің өңір аграрлы аймақ болғандықтан, мектептердің басым бөлігі ауылдарда орналасқан. 229 елді мекеннің оқушылары мектеп болмаған соң, жақын маңда орналасқан интернаттарда оқуға мәжбүр. Басқарма басшысының ойынша, интернаттарда берілетін тәрбие үйдегідей болмайды. Мұнда балалар отбасылық құндылықтардан жұрдай болып, тәрбиеден алыс кетуі мүмкін. Екіншіден, интернат типіндегі білім ордаларына жұмсалатын қаржы қомақты.Осы мәселелерді шешу мақсатында облыстық білім басқармасы үстіміздегі жылдың қаңтар айынан “Уақытша отбасы” жобасын енгізіп отыр. Шағын елді мекендердің мектеп оқушыларын сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған шара аясында балалар өзге отбасыларда тұрып, білім алады. Бастапқы жобаға үш аудан қатыстырылып, 31 мектеп оқушысы уақытша патронатқа берілген. Гүлмира Кәрімова аталмыш жобаның оң нәтиже беріп отырғанын алға тартты. Мәселен, үнемі қадағалауда болған мектеп оқушыларының сабақты босату, сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығынан мектепке келмей қалу фактілері едәуір азайған. “Балаларды уақытша тәрбиелеуге алатын отбасылар мұқият тексеріледі. Біздің талаптарға сәйкес келсе, оларға баланы тәрбиелеп, күткені үшін 45 мың теңге көлемінде еңбекақы мен 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша ақы төленеді. Бұл жоба аясында мектеп оқушыларына жұмсалатын қаржы да үнемделіп отыр”, – деді Гүлмира Кәрімова. Облыс әкімі келесі оқу жылында қалған әкімдерді де жобаға қатыстыруды тапсырды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp