Петропавл шекара жасағына қарасты “Бидайық” өткізу бөлімшесінің әскери қызметшісі Сергей Гайдай суға батып бара жатқан жүкті әйел мен оның 5 жасар баласын құтқарып қалды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің хабарлауынша, шекарашы сол күні демалу үшін Уәлиханов ауданының Бидайық ауылындағы көлдің жағасына барған. Бір кезде көпір жақтан баланың ащы айғайын құлағы шалады. Жалт қараған ол көпірде ерсілі-қарсылы жүгіріп жүрген екі кішкентай қызды көреді. Ал жақындап келгенде, көпірдің астында бір әйел суға бір батып, бір шығып, жаны үшін арпалысып жатыр екен.
Мұны көрген Сергей Гайдай ойланбастан суға секіреді. Жүзіп жанына барғанда әйел оған кішкентай баласының суға батып кеткенін айтқан. Сергей көлге сүңгіп, судың түбін қолымен сипалап жүріп баланы табады да, киімінен тартып, алып шығады. Өзінің жанын шүберекке түйіп, көмекке зәру ана мен баланы өлімнен құтқарып, аман-есен жағаға жеткізгеннен кейін ол ес-түссіз жатқан Нұрәділге алғашқы медициналық көмек те көрсетті. Бала соның арқасында есін жиған.
Ержүрек шекарашы ана мен баланы автокөлігіне отырғызып, медициналық бекетке алып барған.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.