Халқымыз қашанда ұрпақ тәрбиесіне баса мән берген. “Бала тәрбиесі бесіктен”, “Қарағайға қарап тал өсер, құрбысына қарап бала өсер”, “Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын” деген сияқты қанатты сөздер елдің бақытты болашағы – жас өрендерге, олардың дұрыс тәрбиесі мен біліміне байланысты екенін дәттей түседі.
Біздің елімізде балалардың алаңсыз өмір сүруіне, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып отыр. Мұндай қамқорлықтан ауыл балалары да қалыс қалмаған. Жыл сайын жаңа мектептер мен балабақшалар, қосымша білім беретін орталықтар ашылуда. Аталмыш орындарда сәбилердің өз бетімен ізденуіне, шығармашылықпен айналысуларына мүмкіндіктер орасан. Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек, қателеспейміз. Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім саласында заманауи педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылады. Ендеше, мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдістерді енгізу. Әрине, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуы педагогтардың заманауи инновациялық технологияларды қолдана білу сауаттылығына да байланысты.
Орта мектепті тамамдағаннан кейін болашақ мамандығымды шәкірт тәрбиесімен байланыстырғым келді. Осы мақсатта мектепке дейінгі даярлық мамандығы бойынша білім алдым. Бүгінде Мамлют ауданына қарасты Бостандық ауылындағы “Бал бөбек” шағын орталығында тәрбиешімін. Жоғары оқу орнында бізді ұстаздарымыз мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай ұрпақ тәрбиелеу – жан-жақты тәрбиешілердің еншісінде деген қағиданың негізінде оқытты. Бүгінде осы ұстаным аясында сәби тәрбиесімен айналысып келеміз. Заман өзгерген сайын балабақша жұмысына қатысты әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Балалардың тілін дамытуды, олардың қызығушылықтарын ояту үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолданудамыз.
Мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі ең маңызды кезең болып келеді. Өйткені, осы кезде баланың бойындағы табиғи бар дарындылық жан-жақты дами бастайды. Сондықтан осы шақта балалармен анағұрлым жан-жақты дамытушылық әрекеттер жүйелі жүргізілсе, жұмыс соншалықты нәтижелі болады. Тәрбиелі, білімді ұрпақ балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып шығады.
Жаңа заман баласы – ертеңгі еліміздің болашағы. Біздің шағын орталықта балаларға үздіксіз білім беруде барлық жағдай қарастырылған. Өз басым тәрбиеші ретінде балаларға үздіксіз тәрбие мен білім беруде жаңартылған педагогикалық технологияларды кеңінен қолдануға тырысамын. Себебі, қазіргі заман балаларының берілген ақпаратты тез қабылдауынан есте сақтау қабілеттері жоғары дамығандығын байқауға болады.
Бүгінде мектепке дейінгі мекемелердің тәжірибесіне оқыту мен тәрбиелеудің әртүрлі технологиялары енгізілуде. Мәселен, ынтымақтастық педагогикасы, білім беруді ізгілендіру, ойын арқылы оқыту, түсіндіре басқарып оза оқыту, өздігінен оқыту, сын тұрғысынан ойлауды дамыту, оқытудың компьютерлік технологиясы, психологиялық, педагогикалық әдістемелік білімді, педагогикалық шеберлікті, балалардың жан дүниесіне терең үңіліп, оны ұғына білуді талап етеді.
Мұндай әдістер баланың интеллектуалды қабілеттілігін айтарлықтай шамада анықтайды, сондай-ақ, олардың бойында елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілікті ашуға көмектеседі.
Халықаралық балаларды қорғау күні бөбекжайдағы бүлдіршіндерге және Бостандық орта мектебінің бастауыш сынып оқушыларына арнап түрлі іс шаралар өткіздік. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Ендеше, мектепке дейінгі үздіксіз тәрбиемен, біліммен қамту өзімнің басты мақсаттарымның бірі екенін қуана айта аламын.
Гүлдана НҮСІПОВА, Бостандық орта мектебі жанындағы “Бал бөбек” шағын орталығының тәрбиешісі.