Ерең еңбектің үлгісін көрсетіп, кеуделеріне “Ленин”, “Еңбек Қызыл Ту” ордендерін жарқырата таққан Серғазы Нұрахметов, Қапсан Қазиев, Совет Ибраев, Кеңес Мұғалімов, Социалистік Еңбек Ері Әбу Сыздықов сияқты азаматтардың ыстық мекені – Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылын қасиет тұнған топырақ дерсің. Техника ғылымдарының докторы Қайырбек Оразов, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері Таңат Сағындықов, термеші, жыршы, сықақшы, журналист Ерназар Ыбыраев пен ақын, тілші Асхат Сағындықов сияқты азаматтар да осы шағын ғана ауылдан түлеп ұшқан.
Біздің бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері, соғыс ардагері Қасым Жүнісовтің өнегелі өмірі де осы Аралағаш ауылынан бастау алған. Қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген бала Қасым жастайынан өмірдің тауқыметін тартып өсті. Балалық шағы бейбіт халқымызды қойдай қырған аштыққа, бозбала дәурені қылышынан қан тамған сталиндік қуғын-сүргінге тұспа-тұс келді. Халқымыздың басына қара бұлт үйірген бұл кезеңдердің қиындығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол күндердің ауыртпалығы Қасым ағамыздың бүгінге дейін көз алдында, көңіл түкпірінде сайрап тұр.
– Қолдан жасалған ашаршылық жылдары қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды ғой. Бұл қасіретті біздің ауыл адамдары да тартты. Заман солай болды. Тірі қалудың қамын жасаған жұртшылық мысық пен ит етінен де жиіркенбеді. Тіпті, ат әбзелдері, тартпа, ертоқымның теріден жасалған қаптамасы да қара қазанға тоғытылып жатты. Аштықтың азабынан, әкем мен екі әпкем о дүниеге аттанды. Шешем екеуіміздің қалай аман қалғанымызды білмеймін, – деп өткен күндерге ой жүгірткен Қасым ағай жан сақтау үшін ауыр жұмыстың қамытын киіп, ұжымшарда өгіз-сиырмен шөп шауып, жер жыртқанын айтты.
Оны еңбек пен сол кездегі өмір ауыртпалығы ерте есейтті. Заман түзелді деген кезде Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, азамат оқ пен оттың арасында жаумен шайқасқа түсті.
Алдымен ол 1942 жылдың күз айында Ташкент пулемет училищесіне курсант болып қабылданды. Училище сол уақытта пулемётшілер взводтарының командирлерін даярлаумен айналысты. Оны тамамдаған жас жауынгер Курск иініндегі ұрысқа қатысып, 1943 жылы Белгород қаласының маңындағы далалық майданда 53-ші армияның бір бөлімшесінде пулеметшілер взводының командирі болды. Белгород-Харьков бағытындағы қиян-кескі шабуылда жаудың бетін қайтару үшін талай майдангер кеудесін оққа тосса, бірталайы ажал құшты. Сол жауынгерлердің қатарында жанқиярлық ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Қасым Жүнісұлы соғыстың аяқталар тұсында екі аяғынан бірдей жараланып, он сегіз сағат бойы ұрыс даласында қанға бөгіп жатты.
Дала госпиталінен емделіп шыққан соң ол Забайкалье округіндегі эвакуациялық госпитальде ем-дом алды. Ал жарасы жазылып, аурудан айыққан бойда бірден Манчжурияға, жапон соғысына жіберіледі. Осылай ол Жеңіс күнін КСРО, Моңғолия және Манчжурияның шекарасында орналасқан Даурия станциясында қарсы алды.
Елдің экономикасына үлкен шығын әкелген алапат соғыстан туған жерге аман оралған майдангер өскен өңірінің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартуға бір адамдай еңбек сіңірді. Әуелі жоғары білім алуды жөн көріп, Петропавл мұғалімдер институтына оқуға түседі. Еңбек әліппесін ұстаздықтан бастаған Қасекеңнің қалыптасу, өркендеу, өсу жолы қалалық және облыстық партия комитеттерінде өтті. Халық ағарту ісінің дамуына үлесін қосып, жоғары және орта арнаулы білім беру, денсаулық сақтау салаларының басы-қасында жүрді, осылайша, алдағы жолына темірқазықтай жол сілтейтін тәжірибе жинады.
Ол тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарынан бастап, тәуелсіздіктің елең-алаң шағына дейін тынымсыз жұмыс істеп, абырой биігінен көрінді. Сол жылдары облыстағы жүзден астам кеңшар мен ұжымшарда үшқабатты тамаша мектептер бой көтерді емес пе? Чистов, Сергеевка, Смирново, Бұлақ, Николаевка, Приишим және Мамлютка санаторий-мектептерінің педагогикалық ұжымдары оқыту үрдісінде үздік әдістерді енгізгенін мақтанышпен айтып өткен жөн. Жиырма төрт кәсіптік-техникалық училищенің жұмысы алға басып, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Оқушылардың өндірістік бригадалары өсіп, педагогикалық институтта, техникумдарда шалғай ауылдардан келген қазақ балаларын оқуға алу басталды. Ауыл балаларына 30 пайыздық квота берілді. Осындай ілкімді істердің басықасында Қасекеңнің жүргенін жұртшылық жақсы біледі.
Қасым Жүнісовтің облыстық партия комитетінде ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген уақыты өңіріміздің өрлеу кезеңімен тұспа-тұс келді. Оқытудың кабинеттік жүйесіне жаппай көшу үрдісі, мектептерде ыстық тамақ ұйымдастыру Қасым Жүнісұлының тікелей басшылығымен, ықпалымен іске асты. Ол әр ауданды аралап, күрмеуі қиын мәселелерді шешуге ұйытқы болды.
Халық шаруашылығын қалпына келтіру және оны одан әрі дамыту жұмыстары қолға алынған тұста денсаулық сақтау саласын өрістету ісі де жедел қарқынмен дамыды ғой. Облыс орталығында үшінші, екінші және теміржол, балалар ауруханалары мен бірқатар емхана бой көтерді. Осындай емдеу мекемелері Шал ақын, Тимирязев, Жамбыл, Мамлют, Мағжан Жұмабаев аудандарында да салынды. Барлық ауруханалар, емханалар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер медициналық мамандармен толық қамтамасыз етілді.
Қасым Жүнісов мұғалімдер мен дәрігерлерге қол ұшын беріп, тұрмыс жағдайларын жақсартуға көп көмек көрсетті. Уәдеге берік, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей азаматтың өмірде ұстанған қағидасы тура жолдан адаспау болды. Өзі қызмет істеген тұстағы облыстық партия комитетінің хатшылары Ілияс Омаров, Василий Демиденко, Әнуарбек Шмановтан тәлім-тәрбие алғанын аузынан тастамайтын ол аға буынның айрықша қамқорлығын ешқашан есінен шығарған емес.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, Қасым Жүнісовпен бірге жұмыс істеген азаматтар оның адамгершілік асыл қасиетіне тәнті. Одан көп адам тиянақтылықты, қарапайымдылықты, кішіпейілділік пен адалдықты үйренді. Қашан көрсең де сабырлы, әр ісін ойланып, тыңғылықты атқаратын адам. Үлкенге – құрметі, кішіге көрсеткен ізеті оны даралап тұрады. Өкшесін басқан інілеріне көз қырын салып, үнемі қамқор болды. Даладай дарқан көңілі мен бауырмалдылығы өзіне баурап алады. Қандай қызмет биігіне көтерілсе де табиғи, зиялылық қалпынан әсте айныған жоқ. Өсек, ғайбат әңгімеден ол әрқашан бойын аулақ ұстады. Бұл орайда Шәкәрім Құдайбердіұлының “Анық бақ деп айтар үш нәрсе бар: Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек”, – деген сөзі ойға оралады. Бұл үш қасиет те Қасым ақсақалдың бойынан табылады. Ол байлықтың алтын кенін кітаптан, өмірдің өзінен тапты. Ұрпақтарына да осыны өсиет етті. Бүгінде қарттың үйі кішігірім кітапхана іспетті.
Еңбектің қадірін ерекше бағалайтын абзал жан қандай жұмыс істесе де, қайда жүрсе де қарапайым қалпынан айнымай, тұғырынан тайған жоқ. Оның ұстамды мінезі ғана емес, байсалдылығы мен парасаттылығы да өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі. Рухани байлықтың кеніндей кеудесі қазынаға толы ақсақалдың дария ғұмыры ерлік пен өрліктің, батылдық пен батырлықтың, қарапайымдылық пен кішіпейілділіктің тамаша үлгісін айғақтап тұрғандай. Туған жер, Отан-Анаға оның кіршіксіз таза махаббатын еш нәрсемен салыстыруға келмейді. Адамның бәрі осындай болса ғой, шіркін!
Мағыналы ғұмыры еңбекпен өріліп, құрметті зейнет демалысына шықса да, қайсыбір қарттар сияқты ол қол қусырып отыра алмады. Қоғамдық шараларда белсенділік танытты. Оның бастамасымен облыстық ардагерлер кеңесінің мәдени-ағарту комиссиясының жанынан “Ардагерлер” клубы құрылғанын біреу білсе, бірі білмес. Бұл оның ел үшін атқарған еңбегінің бір парасы ғана. Сол еңбектің өтеуі ретінде кеудесінде жарқыраған “Қызыл Жұлдыз”, екінші дәрежелі Отан соғысы, “Халықтар достығы”, “Құрмет” ордендері мен медальдары мәртебесін асқақтатып тұрғандай.
Бүгінде Қасым қарт еліміздің әр жетістігіне дән риза. Тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі кезең оған жақсы таныс. Жетістік жолындағы әр қадам ақсақалдың көз алдында. Құрылыс қарқын алған қалада зәулім ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтеріп, бір кездері тұп-тұтас шағынаудандар пайда болып, көшелерге асфальт төселген шақты ол қалай ұмытсын. Екі ғасырдың куәсі болған зейнеткердің саналы ғұмыры Петропавлмен тығыз байланысты. Сондықтан ол елдің шетінде, желдің өтінде тұрған Қызылжардай киелі мекенді шексіз сүйеді.
Қазір адам танымастай өзгерген Қызылжардың өткені мен бүгінін салыстыруға келмейді. Ол тұрмысы түзелген адамдардың жарасымды тірлігіне балаша қуанады. Жақсылықтың жаршысындай айналасына жылы шыраймен шуақ дарытқан тау тұлғалы азаматтың өмірі өнегеге толы.
Ұрпағының бойына ізгіліктің нұрын дарытып, білім мен тәрбиенің дәнін сепкен абызға көрсетілер құрмет айрықша. “Адам ұрпағымен мың жасайды” демекші, Құдай қосқан жары Иранбағы Жәзитқызымен төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздарының барлығы – жоғары білімді мамандар. Немерелері де аталарының азаматтық тұлғасына қарап бой түзеп өсіп келеді. Жұмыр басты пенде үшін бұдан асқан қандай бақыт болуы мүмкін!
Жамбыл ТАСЕМЕНОВ, еңбек ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.