«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕМДЕУДІҢ ЖАҢА ӘДІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы кезде елімізде ауыр дертке әкеп соғатын созылмалы аурулары бар науқастар саны артуда. Бұл ұзақ уақыт стационарлық емдеуді талап етеді және әлеуметтік-экономикалық маңызға ие мәселеге айналып отыр.

Қазір алдымызда денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін халықтың өмір сүру жасын ұзарту, сапалы медициналық көмек көрсету міндеті тұр. Ол үшін медициналық-санитарлық көмек қызметіне ерекше назар аударған жөн. Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау жүйесін дамытуға барынша қолдау көрсетіліп жатқанын айтып өткен жөн. Халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған ілкімді істер аз емес. Медициналық-санитарлық көмек қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, созылмалы ауруларды басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медициналық қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен арттырылуда. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласын сандық жүйеге көшіруге басымдық беріліп отыр. Цифрлық жүйе медициналық көмектің сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Арнайы біліктілік арттыру курсынан өткені жөнінде сертификаты бар кадрлар мен диспансерлік есепте тұрған науқастарға медициналық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін қосымша ақы белгіленді.
Ауруларды басқару бағдарламасы – сырқаттың өзінің функционалдық мүмкіндіктерін іске асыруды барынша қамтамасыз ететін, аурулардың даму қаупін, мүгедектік пен өлім-жітімді төмендететін және денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеретін құрылымдық жүйе. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін учаскелік медбикелердің мәртебесін, функционалдық міндеттерін арттыру, дәрігерлер мен мамандар арасындағы өзара жұмысты жақсарту қажет. Бағдарлама аясында қант диабеті, артериялық гипертензия және жүрек аурулары бар науқастарға жіті көңіл бөлінеді. Бұл бағдарламаға қатысу үшін адамдар тіркелген жері бойынша емханаға барып, келісім беру қажет. Яғни, сырқаттың медициналық қызметкерлер тағайындайтын ұсынымдар мен ұйғарымдарды ерікті түрде орындауы туралы тармақтардан тұратын әлеуметтік шарт жасалуы қажет. Бағдарламаға қатысушы-науқастар дәрігерге дер кезінде келіп, өзін-өзі бақылау күнделігін жүргізуі тиіс. Сондай-ақ, олар оқыту тренингтеріне қатысып, тексеруден және емдеуден өтіп, саламатты өмір салтын ұстануға міндетті.
Медициналық ұйымдарда қойылған міндеттерді іске асыру үшін Денсаулық сақтау министрлігінің “Бекітілген халық тіркелімі”, “Ресурстарды басқару жүйесі”, “Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімі”, “Амбулаториялық-емханалық көмек” ақпараттық жүйелері пайдаланылады. Бағдарламалық кешендерде учаскеде тіркелген халық пен персоналдың (дәрігерлер мен медбикелер) және диспансерлік пациенттердің есебі, сондай-ақ, оқытылған мамандар мен әлеуметтік келісімшарттар бойынша деректер жинақталады.
Мұндай іс-шаралар созылмалы аурулары бар науқастарды үнемі назарда ұстауға, емдеу мекемелерінің жүктемесін азайтып, кезек санын қысқартуға мүмкіндік береді. Біздің өңірдегі бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін барлық ұйымда ауруларды басқару бағдарламасы енгізілді. Соның нәтижесінде мамандардың біліктілігін арттыру көзделген. Бүгінгі таңда 600-ден астам дәрігер мен медбике қайта оқытудан өтті.

Валентина ОСЕДАЧ,  республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы облыстық филиалы директорының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp