Спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернат-колледжінде “Олимпиада үміті” акциясы өтті. Оған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин, Қайсар Мәлғаждаров атындағы қайырымдылық қорының құрылтайшысы Бақытжан Сәмиева, сала ардагерлері, жаттықтырушылар мен тәрбиеленушілер қатысты.
Шара халықаралық балаларды қорғау күніне орай және кеден қызметінің полковнигі, еркін күрестен спорт шебері Қайсар Мәлғаждаровты еске алуға арналды. Дәстүрлі акцияның мақсаты – болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшыларға барынша қолдау көрсетуді көздейді.
– Биылғы жылы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған олимпиадалық резервтегі облыстық мектеп-интернатқа колледж дәрежесі берілді. Енді білім ордасының түлектері жаттықтырушы-педагог мамандығын меңгеріп шығады. Жиырма жылдың ішінде бұл мектептің 100-ден астам шәкірті еліміздің және халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Есімі әлемге танылған велошабандоз Алексей Луценко мен кикбоксшы Мирас Бірімжанов та – осы мектептің түлектері. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, жеңіл атлет Маргарита Мұқашева, конькишілер Дмитрий Бабенко, Роман Креч пен басқа да әйгілі жерлестеріміз осы жерден қанат қақты, – деді Руслан Есеналин көпшілік алдында сөйлеген сөзінде.
Қайсар Мәлғаждаров атындағы қайырымдылық қорының құрылтайшысы Бақытжан Сәмиева інісі туралы естелікпен бөлісіп, акцияны өткізуге қолдау көрсеткен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына алғысын білдірді. Жас өрендерге қамқорлық жасау арқылы спорттағы жолын ашу – игі іс.
Екі күнге созылған “Олимпиада үміті” акциясы аясында жас спортшылар облыс орталығының көрікті жерлеріне саяхат жасады. Шара соңында Бақытжан Сәмиева спорт саласының жас өкілдеріне бағалы сыйлықтар тарту етті.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.