“
Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы 2019 жылдың алғашқы төрт айында 1,1 млн.-нан астам адамды мобильді азаматтар базасына тіркеді. Осылайша, аталмыш базаға тіркелген қазақстандықтардың саны 6,8 миллионға жуықтап отыр.
Мобильді азаматтар базасына тіркеу ерікті түрде жүргізіледі, мұнда азаматтардың жеке сәйкестендіру және ұялы телефон нөмірі байланыстырылып, базаға енгізіледі. Бұл арқылы дерекқорда жеке мәліметтері бар адамдар бірнеше мемлекеттік қызмет пен сервисті онлайн түрде ала алады.
Мәселен, базаға тіркелгендер www.egov.kz порталының құпиясөзін ұмытқан жағдайда, ұялы телефондарына бірретік құпиясөзге сұрау жібере алады. Сондай-ақ, смартфондағы mgov.kz қосымшасының 81 түрлі қызметін қолдануға болады. Жаңа босанған аналар проактивті қызмет аясында, бала дүниеге келген кезде жіберілген SMS-ке жауап беру арқылы туу куәлігі мен жәрдемақының тағайындалуына өтініш беріп, сәбиін балабақша кезегіне қоя алады.
Сонымен қатар базаға тіркелген азаматтар “Telegram” әлеуметтік желісіндегі egovkzbot көмегімен 25 қызметті еркін қолдану мүмкіндігіне ие. Бұл сервис ұялы телефон арқылы мекенжай, соттылықтың болмауы, диспансерлердің есебінде тұрмау туралы, жылжымайтын мүліктің бар-жоқтығы сияқты бірқатар анықтаманы алуға дәрігер қабылдауына жазылуға, халыққа қызмет көрсету орталығына кезегін онлайн броньдауға, айыппұлдарды тексеруге мүмкіндік береді. Аталмыш бот 2018 жылы іске қосылды. Осы уақытқа дейін оны 300 мыңға жуық адам қолданып, 162 мың рет мекенжай анықтамасын алып үлгерді. Қазақстандықтар мобильді азаматтар базасының тізімінде тіркелген-тіркелмегенін www. egov.kz порталы арқылы тексере алады.
Әсет ҚАНАФИН.