Отан алдындағы борышты өтеу – әрбір ер-азаматтың қасиетті міндеті. Қазіргі күні жастар болашақ мамандықтарын таңдау үстінде. Мемлекеттік шекара қызметі жас, батыл әрі ержүрек азаматтарды өз қатарына қабылдауға әрдайым дайын. Әскери қызмет, әрине, жеңіл емес. Ол – қызығы мен қиындығы қатар жүретін, жауапты сәтте дұрыс шешім қабылдай білуді талап ететін іс. Бүгіндері шекара шебіндегілердің бәрі де кезінде дұрыс таңдау жасап, мемлекеттік маңызды міндетті атқарып жүргендеріне риза.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің академиясы – Орталық Азиядағы шекара қызметі бөлімдерінің барлық санаттағы жетекші құрамдарын даярлауға арналған жоғары кәсіби және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын ұсынатын жалғыз көпбейінді оқу орны. Академияда командалық-тактикалық, жедел-барлау қызметі, шекаралық бақылау, кинология, қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетті моральдық-психологиялық қамтамасыз ету мамандықтары бойынша төрт (бакалавриат) және бес жылдық (мамандандыру) білім береді. Бұл оқу орны өмірін мемлекеттік қызметпен байланыстырғысы келетін, тұрақты табыс тауып, мансаптық жолмен өсуді қалайтын азаматтар үшін зор мүмкіндік ашады. Аталмыш жоғары оқу орнына түсуге ықылас танытқан запастағы әскери қызметшілер мен әскерге шақырылған азаматтар қызметтік немесе тұрғылықты мекенжайы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органдарына, ведомстволары мен бөлімшелеріне өтінішін тапсыра алады. Тек өтінішке қосымша ретінде талапкердің жеке және туу туралы куәліктерінің, аттестат пен дипломының көшірмелері мен өмірбаяны ұсынылуы керек. Оқуға түсетін үміткерлер тұрғылықты немесе қызметтік мекенжайы бойынша әскери-дәрігерлік комиссияның тексерісінен өтуі тиіс.
Азамат МӘЖЕНОВ, “Шығанақ” шекара бекеті бастығының орынбасары, лейтенант.