Бүгінде Елтаңбамыз елдігіміздің айғағына айналып, көк Туымыз көгімізде желбіреп тұр. Рухымызды көтерер Әнұранымыз әрдайым асқақ шырқалып келеді. Осыдан 27 жыл бұрын егемендігіміздің нышаны ретінде бекітілген мемлекеттік рәміздер – ұлтымыз үшін аса қастерлі құндылықтар. Біз осы құндылықтарды ұлықтай алып жүрміз бе? Қазақ тарихында өзіндік орны бар атаулы күннің қарсаңында осы сұраққа жауап іздедік.
Мәрзия ӘЛІМЖАНОВА, “Қазақстан аграрлық сараптамасы” акционерлік қоғамы облыстық филиалының маманы:
Рәміздерге байланысты қадағалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі керек. Мемлекеттік мекеменің маңдайшасына көк Туымызды орнатқандар – оның түсі өңіп кетпеуін, бүлінбеуін, биікте желбіреп тұруын бақылауға міндетті. Мемлекеттік нышандардың қадіріне жете алмай жүргендердің бар екені рас. Туымыздың суреті түрлі тұрмыстық заттарда, киімдерде бейнеленіп жүр. Отаншылдық рухта тәрбиеленбеген, өз елінің талайлы тағдыры мен тағылымды тарихынан бейхабар адам ғана осындай бассыздықтарға барады.
Сырт көз сынай қарап отырғанда қолыңдағы туға жай бір зат ретінде қарауға болмайды. Рас, мемлекеттік мекемелерде рәміздер көзге айрықша түседі. Петропавлдың дәл ортасында да көк туымыз желбіреп тұр. Бұл мемлекеттік туымызға ерекше құрметтің белгісі. Мемлекеттік рәміздерді бәрінен де жоғары қоюдың шынайы үлгілерін Жапония, Ұлыбритания немесе Америка Құрама Штатынан үйренуге болады.
Қайыргелді АҚЖОЛОВ, “Балдәурен” балабақшасының нұсқаушысы:
– Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені, онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұранының мәтінін білмейтін жан кемде-кем.
Жастарымыздың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін көріп, қуанамын. Әсіресе, оны еліміздің намысын қорғап жүрген спортшыларымыздың бойынан байқаймын. Рәміздер балабақшаларда да, мектептерде де, жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында да көрнекті орындарға орналастырылған. Екі жасар сәбидің өзі Әнұранды естісе, бейжай тұра алмайды ғой. Балабақша бүлдіршіндері оң қолын жүрек тұсына қойып “Менің Қазақстанымды” шырқағанда ерекше бір сезімге бөленетіні, жігерленіп қанаттанатыны рас. Бұл ел болашағы – жастардың өз Отанын, жерін, елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық.
Әділ ЖАҚЫПОВ, Айыртау ауданындағы Украин ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:
– Қазақстан Республикасының Конституциясында әркім мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті екені тайға таңба басқандай жазылған. Ал сол міндетті сезіну, орындау үшін әрбір отандасымызға үйде, бала-бақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында ұдайы тәлімдік-тәрбиелік жұмыстар жүргізілуі керек. “Біздің Мемлекеттік Туымыз неге көк түсті?” деген сауалға әр бүлдіршін: “Көк түс – бейбітшілігіміздің, бірлігіміздің, біртұтастығымыздың белгісі” деп сайрап тұруы тиіс.
Қазір қоғамда мемлекеттік рәміздерді ұлықтау үшін “Рәміздерімізді насихаттау формасына еркіндік беру қажет” деген пікірді алға тартатындар көп. Олардың айтуынша, өркениетті саналатын Америка Құрама Штаттарында, Еуропа елдері мемлекеттік рәміздерді насихаттау формасына толығымен еркіндік берген. Менің ойымша, рәміздер туралы арнайы кинофильмдер түсіріп, соған лайық тың шығармалар жазылу қажет. Сонда әр адамның бойында “Бұл – менің Туым, бұл – менің Елтаңбам, Әнұраным” деген мақтаныш сезімі оянады. Мемлекеттік рәміздерге тек бір күн ғана арнап, сол күні ғана еске түсіретін санаға жаңашылдық керек.
Сауалнаманы жүргізген Айғаным АСЫҒАТОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.