«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГЕМЕНДІГІМІЗДІҢ АЙШЫҚТЫ БЕЛГІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Гимн Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.

1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Сондықтан бұл күн ел тарихында рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады.
Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізденіспен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді.
Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Гимн жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе, тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Ал рәміздердің жобаларын жасау конкурсына 600-ден астам адам қатысты. Мемлекеттік Ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектер бойынша түскен өтінім саны 1200-ді құраған. Сондай-ақ, конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 жобасы мен 67 суреттемесі және Гимннің 750 нұсқасы ұсынылады.
Туды айқындайтын басты белгілерінің бірі – оның түсі. Аспанкөк түстің таңдалуы да кездейсоқ емес. Ол әлімсақтан бергі қазақ халқының сенімінде адалдық пен сенімнің белгісі.
Күн – қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Уақыт пен замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс – билiкті айбындылықты насихаттайды. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран еліміздің асқақ рухын, қазақ халқының жандүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi. Бүркіт бейнесі көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмтылысын көрсетеді.
Мемлекеттік Елтаңбадағы шаңырақтың және киiз үй күмбезiнің де көшпелі халқымыз үшін орны бөлек. Тұлпар – дала дүл-дүлі, ер-азаматтың сәйгүлігі, желдей ескен жүйрік аты, жеңіске деген жасымас жігердің, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсіздікке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар – қазақ поэзиясында кең тараған бейне. Ол – ұшқыр арманның, жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпі. Қанатты тұлпар мәңгі өмірдің бейнесі. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүретін Қазақстан халқының өсіп-өркендеуін, рухани байлығын, алуан қырлы бет-бейнесін паш етеді. Бес бұрышты жұлдыз елтаңбаның тәжі іспетті.
Мемлекеттік Гимн – халықтың зор құрметіне ие “Менің елім” патриоттық әні. Гимн – халық жүрегінің лүпілі. Әнұранның әуенінен Отанға деген сүйіспеншілік байқалса сөзінен жан дүниемізді ағартатын ұлттық қасиетіміз бен бейбіт пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз көрініс тапқан.
Елімізде мемлекеттік рәміздерді қолдану, насихаттау және жасап шығару үдерісін, атаған жұмысқа тиісті қадағалауды ұйымдастыруды қамтамасыз ететін нормативік-құқықтық талап бар. Ал өңірімізде мемлекеттік рәміздерді насихаттау және пайдалану бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, тұрғындардың мемлекеттік рәміздерге құрметін қалыптастыру – аталған жұмыстың басты бағдары.
Өңірімізде мемлекеттік рәміздерді зерттеу, насихаттау және оны пайдалануға қатысты мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда ұсыныстар әзірлейтін консультативтік-кеңесші орган – облыс әкімдігі жанында мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия жұмыс істейді.
Білім беру ұйымдарында өскелең ұрпақтың бойында елдің басты нышандарына деген құрметті қалыптастыруға баса назар аударылып отыр. Еліміз егемендігін алып, Тәуелсіздіктің ақ таңын қарсы алған уақыттан бастап өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу міндетіне баса мән беріле бастағаны белгілі. Әсіресе, мектеп оқушыларының бойына отаншылдық рухты ұялату жауапкершілігінің жүгі ерен. Тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік рәміздерді насихаттау қазақстандық патриотизмнің қалыптасуына оң ықпал етеді, тұлғаның рухани өсуі мен үйлесімді тәрбиеленуіне септігін тигізеді. Сондықтан білім беру ұйымдары еліміздің ертеңі – жастардың бойына отансүйгіштік рухты сіңіру бағытындағы ізденістерді тоқтатпауы қажет. Өңірімізде бұл жұмыс отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерді насихаттау және зерттеу жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес жүргізілуде. Оқу орындарында және кітапханаларда экспозиция, тақырыптық стендтер әзірленіп, түрлі шаралар ұйымдастырылып жүр.
Үстіміздегі жылы Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтуге орай патриоттық шаралар жоспарланған. Сонымен қатар 4 маусым күні облыс орталығы мен аудандарда бір уақытта еліміздің Әнұраны шырқалады.

Алмас ФАЙЗУЛИН, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp