Қасиетті Рамазан айы да аяқталатын күн жақын. Бұл атқарылған әрбір игі амалға еселеп сауап жазылатын шақ. Сондықтан исі мұсылман баласы күнделікті оразасы мен намазынан бөлек қайырымдылық шараларынан шет қалмағаны абзал. Мұсылманның мойнындағы негізгі бес парыздың бірі – зекет. Зекетті де көпшілік Рамазан айында беруге тырысатынын көріп жүрміз. Ораза кезінде таратылған зекеттің өзге айлардағыдан айырмашылығы қанша, жылқы малынан зекет беріле ме және тағы да басқа сауалдарға Қызылжар орталық мешітінің наиб имамы Мұхаммедзакир Мирзаев пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы “Зекет” қорының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Мәлік Дүйсенбековтен жауап алдық.
“Зекет” сөзінің мағынасына үңілетін болсақ, оның аясының кең екенін аңғарамыз, яғни көбею, өсу, берекет, тазару, молшылық, мейірімділік үшін алғыс айту сияқты ұғымдарды береді. Ал терминологиялық тұрғыдағы мағынасы нисап (белгілі бір мөлшердегі мүлікке ие болу) мөлшеріне жететін байлығы бар адамдардың мал-мүлкінің бір бөлігін қоғамдағы мұқтаж жандарға көмек ретінде таратып беруін білдіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): “Мал-мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер және бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер”, – деген хадисі арқылы оның түпкі маңызын ашып тұрғандай.
– Шайтан адамды “Зекет берсең кедейленіп, аш-жалаңаш қаласың” деп азғырады екен. Ал шындығында, зекет беруден малыңыз ешқашан кемімейді, керісінше, зекет төлеу байлықты арттырудың себебі болады. Көпшілік неге Рамазан айында зекет беруге асығатынына тоқталсақ. Негізінде, зекетті оразада ғана беру шарт емес, бірақ осы айда жасалған жақсылықтың сауабы көп болғандықтан, адамдар Рамазанда таратуға тырысады. Сауапты көбірек алуға ұмтылу – құптарлық іс, – дейді Қызылжар орталық мешітінің наиб имамы Мұхаммедзакир Мирзаев.
Зекетті жинап, мұқтаждарға таратып берумен айналысу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан “Зекет” қоры құрылған болатын. Бүгінде аталмыш қордың өңірлердегі өкілдері белсенді жұмыс атқарып жатқанын баспанаға мұқтаж жандарға ел бойынша 66 үй берілгенінен-ақ аңғаруға болатындай. “Ел үлесі – пәтерге” акциясы аясында Талдықорғанда – 25, Түркістан облысында – 16, Ақмола облысында 6 отбасыға баспана беріліпті.
– Тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы отбасылар, жетім-жесірлер біздің облысымызда да аз емес. Сондықтан біз де оларға көмек қолын созсақ деген ниеттеміз. Орталық мешітке “Зекет” қорының арнайы жәшігін қойдық. Сонда қаржы жиналса, мұқтаждарға баспана алып беруге ниеттеніп отырмыз. Одан бөлек, қорға түскен ақшадан алыс ауылдардағы мешіттердің имамдарына жалақы төленеді. Қазіргі таңда он имам ай сайын 25 мың теңгеден айлық алып отыр. Диқандар ұн, қарақұмық, малы барлар ет әкеліп тастады, сұйық май түрінде зекет бергендер де бар. Соларды осы айда таратып беріп жатырмыз, – дейді “Зекет” қорының облысымыздағы өкілі Мәлік Дүйсенбеков ақсақал.
Имамдардың айтуынша, халық көбіне зекет пен садақаның аражігін ажырата алмай жатады. Садақа қалаған уақытыңызда кез келген мөлшерде берілетін болса, зекеттің өзіндік шарттары бар. Бірінші шарты – мал мүлкіңіздің нисап мөлшеріне жетуі және оған бір жыл толуы тиіс. Мысалы, бір жыл ішінде қойыңыздың саны қырықтан кемімесе, зекетке біреуін беруге міндеттісіз. Ал түлік саны 120-дан 200-ге дейін жетсе, екі қой беріледі. Сиырдан зекет беру үшін саны 30-дан асуы қажет. Түйеге қойылатын талап – 5. Байлығын ақшалай сақтайтындар үшін алтынның нарықтағы бағасы негізге алынады. Бүгінгі таңда 85 грамм алтынның құны 1,3 миллион теңгеге тең, яғни осынша қаржысы бар және ол ақша бір жыл бойы жұмсалмаса 2,5 пайызы зекетке берілуі тиіс.
Соңғы уақытта дау туғызып жүрген мәселелердің бірі – жылқыдан зекет беру. Мұсылман елдерінің көбінде жылқы малынан зекет берілмейді және оның етін де жемейді. Мұхаммедзакир Мирзаев бұл бұрын Қамбар ата тұқымы соғыс көлігі ретінде пайдаланылғандықтан саны азайып кетпеуі үшін салынған тыйым екенін айтады. Қазір аттың орнын техника басты, жылқы үйірі де көбейді. Сондықтан тыйым күшін жойған.
– Кейбір мұсылман елдері әлі күнге дейін жылқының етін харам деп жемейді. Пайғамбарымыздың кезінде етін жеуге тыйым салғаны рас, бірақ сүтін ішуге рұқсат берілді. Егер жылқы харам болса, сүті де харам болар еді. Бұл тыйым жылқының санын азайтып алмау үшін ғана салынғанын аңғарамыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғалымдары ақылдаса келе жылқыдан да зекет беру қажет деп шешті және оның мөлшерін белгіледі. Яғни, екі жылқысы барлар оның құнын есептеп, 2,5 пайызын зекет ретінде беруі шарт, – дейді наиб имам.
“Зекет” қоры ауқатты азаматтардың мал-мүлкінің белгілі бір бөлігін алып, оны мұқтаждарға таратып берумен шұғылданып отырғанын айттық. Бірақ зекетті тек аталмыш қорға ғана тапсыру қажет екен деген түсінік қалыптаспауы тиіс. Яғни, ауылда тұратын адам бір қойын сүйреп қалаға келмей-ақ, мұқтаж ауылдасына бере алады. Бірақ кімдерге берілуі қажет екенін білгені жөн. Исламда зекет алуға құқылы алты топ белгіленген. Олар: кедейлер, ештеңесі жоқ міскіндер, зекетті жинап, тарататын адамдар, қарызға белшесінен батқандар, Алла жолында қызмет етіп жүргендер және жолда қалған жолаушылар.
Қазір сандық технологиялар заманы. Сондықтан “Зекет” қоры да көштен қалмай, оның мөлшерін есептейтін калькулятор шығарды. “Зекет” қосымшасын кез келген ұялы байланыс құрылғысына орнатып алуға болады немесе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтындағы онлайн-калькулятор арқылы есептеу мүмкіндігі қарастырылғанын айта кеткен жөн.
Зекеттің оны берген және алған адамға ғана емес, қоғам үшін де пайдасы мол. Ең алдымен, ол ұрлық-қарлық, алдап-арбау, тонау сияқты жаман әдеттердің жайылуына бөгет болады екен. Себебі, байлығынан өзі бөліп беріп отырған адамның қорасына қалай ұрлыққа түсесің? Екінші бір пайдасы – адам баласын өзімшілдік, сараңдық, дүниеқоңыздық сияқты жаман әдеттерден сақтап, кішіпейілділік және кеңпейілділік сынды жақсы сипаттарға тәрбиелейді.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, “Soltústik Qazaqstan”.