«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУ САЛҒЫРТТЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Суға шомылу маусымы әлі басталмағанымен, құтқарушылар бұл кезде орын алатын келеңсіздіктердің алдын алу жұмыстарын жүргізуде.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жедел-құтқару жасағының бастығы Алтай Тезекпаевтың айтуынша, бүгінде өңірімізде шомылуға арналған 58 орын бар. Алайда, кейбір тұрғындар ескертуге мән бермей, қауіпті жерлерде шомылуды әдетке айналдырған.
– Былтыр 13 адам судың құрбаны болды. Өкінішке қарай, суға батқандардың екеуі – бала. Төтенше оқиғалардың алдын алуға орасан күш салынып жатқанымен, оқыс жайттар орын алуда. Мысалы, үстіміздегі жылдың басынан бері екі адам суға кетті. Қайғылы оқиғалар қауіпсіздік ережелерін сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру, құтқару құралынсыз шомылу, спирттік ішімдіктің әсері сияқты себептерден туындайды. Балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау да қайғылы аяқталады. Соңғы бес жылда 100-ден астам адамды судан құтқарсақ, соншасы қаза тапты, – дейді Алтай Тезекпаев.
Бүгіндері құтқарушылар күнделікті рейдтер өткізуде. Нәтижесінде тұрғындарға 5 мыңнан астам жадынама таратылды. Ересектер мен балалар суға шомылатын жерлерде, жағажайларда, демалу орындарында “Шомылуға тыйым салынады” деген жазуы бар 57 белгі, 29 стенд орнатылды. Балалардың жазғы демалысы басталмас бұрын мектептерде ата-аналардың қатысуымен жиналыстар өткізілді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта халықты жедел хабардар ету мақсатында “Darmen” мобильдік қосымшасы іске қосылды. Құтқарушылардың айтуынша, бұл қосымша смартфонға тегін орнатылады. Қазақстанның кез келген тұрғыны “Darmen” арқылы жолдардың жабылуы жайлы, мектептерде сабақ болмайтындығы, ауа райы болжамы туралы және тағы басқа ақпаратқа қол жеткізе алады.

 

Евгения ТРЕФИЛОВА,  облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің  жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp