Бүлдіршіндердің жүзіне күлкі ұялатып, ерекше қуанышқа бөлейтін мерекелердің бірі 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні биыл да барлық сән-салтанатымен аталып өтті. Петропавл қаласы мен аудан орталықтарында жас өрендерге арналған сан түрлі мерекелік іс-шаралар, сайыстар ұйымдастырылды.
Әдеттегідей биыл да аталмыш мейрам қызықты əрі көңілді өтті. Əсіресе, балалар мен жасөспірімдердің музыкалық ансамбльдерінің шеруі тұрғындар көңілінен шығып, бүлдіршіндерге ұмытылмас әсер сыйлады. Білім жəне ғылым министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған шеру барысында өрендеріміз үрлемелі, ұрмалы аспаптармен түрлі шығармаларды орындады. Мерекенің сəнін келтірген шараға үш мыңнан астам адам қатысты. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері бірігіп, Оқушылар сарайынан бастап Жамбыл, Қазақстан Конституциясы көшелерімен жүріп өтіп, орталық алаңға келіп тоқтады.
Алаңда “Балғын балалар – біздің болашағымыз” атты мерекелік концертте өңіріміздің талантты өрендері өнер көрсетті. Онда “Қуанамын” би студиясы, “Айналайын” əн тобы, “Томирис” сəн театры жəне өзге де балалар ұжымы мерекені шырайландыра түсті. Салтанатты кеш “Open Air Fest” атты балалар шығармашылығының жазғы фестивалімен жалғасын тапты. Оның барысында көрермендер халықаралық, республикалық және облыстық сайыстардың жеңімпазы атанған өрендердің шығармашылығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Балалар тек концертті тамашалап қана қоймай, қалалық Мəдениет жəне демалыс саябағында шахмат пен тоғызқұмалақтан жарысқа түсті. Олар түрлі-түсті борлармен гүлдер мен көбелектердің суретін салып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетуге тырысты. Суретшілікпен кəсіби түрде айналысатын балалар “Жаз жəне шығармашылық” атты сайыста бақ сынады. Білім беру ұйымдарының командалары арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Бұл мерекеде техниканың тілін жетік меңгерген балалар да назардан тыс қалмады. “Қарасай” стадионында “Бір əлем – бір аспан” атты облыстық ұшатын аппараттар байқауында жеңімпаз атанған өрендер дипломмен жəне бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Осы қуанышты күні облыстық тарихи-өлкетану мұражайында “Дала əуендері”, “Қазақ халқының əдет-ғұрыптары” атты мұражай сабақтары өтсе, Сəбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Əрқашан күн сөнбесін” атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.
№9 мектепте “Бақытты балалық шақ” атты ойын алаңы ашылып, бұл жерде балалар асыр салып ойнады.
Халықаралық балаларды қорғау күнінің қызығы мен қуанышы мұнымен аяқталған жоқ. Облыстық əділет департаменті мен жеке сот орындаушылар палатасы көпбалалалы отбасылардың балаларына сыйлықтар үлестірді.
Халықаралық балаларды қорғау күні облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен де мерекелік шара өтті.
Көңілді кеште әскери қызметшілердің балалары ойын ойнап, мәз-мейрам болды. Ел ертеңдерін қызыққа толы осынау тамаша мерекемен құттықтаған аға буын өкілдері балаларға бар жақсылықты тілеп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Ал балғындар ән айтып, сурет салудан сынға түсті. Спорттық сайыстар мен әртүрлі ойын-сауық бағдарламалары қызықты өтті. Сондай-ақ, балалар Ұлттық ұлан әскери институтының әскери техникаларын тамашалап, заманауи қару-жарақтармен танысты. Шара соңында балаларға сыйлықтар табысталып, тәттілер үлестірілді.
Алина НҰРТАЗИНА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ, Вадим МУДАРИСОВ.