Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Халықаралық балаларды қорғау күнінде мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған Жақыповтар және Лукьянченколардың отбасыларына арнайы барып, жеткіншектерді мерекелерімен құттықтады.
Уәлихан және Әлия Жақыповтар Азамат, Нұржан есімді екі ұл мен Аружан есімді қыз тәрбиелеп отыр. Ұзақ жылдар бойы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берген отағасы Уәлихан Хасетұлы қызы Аружанға ерекше күтім керек болған соң жұмыстан шыққан.
Тірек-қимыл аппараты зақымданған 12 жасар Аружан ота мен емдік шаралардан кейін ақырындап жүре бастаған. Тағдырдың ауыртпалығына мойымай, алға ұмтылған ол қазақ мектеп-гимназиясында білім алады. Өреннің талабы жоғары, оқу үлгерімі де жақсы. Қолөнермен айналысады, тоқуға да икемі бар. Ол болашақта суретші болғысы келеді.
Ал Софья Лукьянченко туабітті церебральды сал ауруына шалдыққан. №32 орта мектепте оқитын Софьяның да білім алуға ынтасы жоғары. 2018 жылдың мамыр айында мүгедектерді оңалту бағдарламасының аясында қыдыруға арналған және бөлмеде пайдаланылатын арбаларға қол жеткізген. Әкесі Виктор Лукьянченко жұмыс істемейді, үйде отырып, қызына күтім жасайды. Ал анасы Галина Лукьянченконың автобөлшектер сататын жеке дүкені бар.
Софья да өңір басшысына өзінің суреттерін көрсетті. Ол болашақта дизайнер болуды армандайды екен.
Аружан мен Софьяны мерекемен құттықтаған Құмар Іргебайұлы оларға ешқашан мойымай, тек қана алға ұмтылу қажет екенін айтты. Арбада отырып, мемлекет басқарған Америка Құрама Штаттарының бұрынғы президенті Франклин Рузвельтті мысалға келтіріп, алға қойған мақсат-міндеттеріне жетуге тілектестік білдірді. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларға қала бойынша экскурсия ұйымдастырылатынын айтқан облыс әкімі Аружан мен Софьяны Оқушылар сарайын тамашалауға шақырды.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.