Елімізде мемлекеттік білім гранттарын беру конкурсы аяқталды. Оның нәтижесі бойынша М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне 1032 грант бөлінді. Бұл жайлы университеттің қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары Алмас Кенжеғалин мәлімдеді.
Гранттардың 195-і “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алатындарға ұсынылса, 345-і – педагогикалық квота, ал 492 грант жалпы конкурс бойынша тағайындалды. Педагогикалық квота жергілікті жердегі кадр тапшылығына байланысты жеке есептелгенімен, студенттерге жалпы конкурс бойынша бөлінген грантпен бірдей талаптар қойылады. Яғни, осы грантқа ие болғандар университетті аяқтаған соң мамандығы бойынша үш жыл жұмыс істеуге міндеттеледі.
– Облыс түлектерінің 990-ы жергілікті университетке түсуге өтініш білдірсе, қалғандары білімін республиканың түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарында жалғастырмақшы. СҚМУ-дің қабылдау комиссиясы білім грантын иеленгендермен қарым-қатынас орнатты. Олар 10-25 тамыз аралығында келіп, оқуға түсу үшін өтініш білдірулері тиіс, – деді Алмас Кенжеғалин. Бүгінде жалпы конкурс бойынша бос қалған 3000 грантқа қайта тағайындау конкурсы ұйымдастырылып, нәтижесі алдағы күндері белгілі болады.
Толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Сурет www.nur.kz сайтынан алынды.