Петропавлдағы 1-ші қалалық ауруханаға жаңа рентген жабдығы әкелінді. «АР ДИАГНОСТ-8» аппаратының ескі құрылғыдан айырмашылығы – санаулы минуттың ішінде рентген кескінін жасап, диагнозды тез анықтай алуында. Ол цифрлық жүйеде жұмыс жасайды. Жаңа құрылғы қеуде қуысы мүшелерінің аурулары, сүйек-буын жүйесі, асқазан-ішек жолын зерттеумен қатар, бас сүйек ауруларын тексереді.
Рентгенолог-дәрігер Бақыт Бекежановтың айтуынша, сандық технология сәулелік жүктемені төмендетеді. Зерттеу уақыты да аз. «Рентгендік кескін жасалған соң ол цифрландырғыш құралға салынады. Кейін, компьютер арқылы оны өңдеп, басып шығарамыз. Оған шамамен 5 минуттай ғана уақыт кетеді. Суреттің сапасы да бұрынғыға қарағанда жақсы», дейді дәрігер.
Қазіргі уақытқа дейін «АР ДИАГНОСТ» құрылғысы арқылы 30-ға жуық науқас тексерістен өтіп үлгерген. Облыстық бюджеттің қаржысына сатып алынған жаңа аппараттың құны – 48 миллион теңге.
Сондай-ақ, ауруханаға су жаңа «Бронхоскоп» аппараты да әкелініпті. Ол адамның тыныс алу жолдарын тексереді. Яғни, өкпедегі қан кетуді, ісікті анықтауға және бронхылар мен көмейдің патологиясын анықтау үшін қажет.
mtrk.kz