Тәртіп сақшылары жыл басынан бері із-түзсіз жоғалған 17 адамды іздеп табу үшін іс қозғады. Олардың жүрген жері анықталып, үйлеріне қайтарылды. Ал үйлерінен шығып, қайтып оралмаған 114 петропавлдық бірнеше тәуліктің ішінде табылса, оның 77-сі – кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер.
Петропавл қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Дархан Зияфиддин жазғы уақытта жасөспірімдердің үйден кетіп қалу фактілері жиілейтінін айтты. Олар көбінесе достарының үйінде қонуға қалып, жақындарына хабар беруге ұмытып кетеді екен.
Тәртіп сақшылары “өткен жылдар” санатындағы іздестіру істерін де үнемі назарда ұстайды. Мәселен, 1955 жылы туған Анатолий Краецкий 2013 жылдан бері іздестірілуде. Оның дене бітімі орташа, бойы шамамен 160-165 см., қысқа қара шашына ақ түскен, көзі көк. Соңғы рет үстінде қара күртеше және бас киім, көк түсті трико болған. Бір жыл бұрын із-түзсіз жоғалған 50 жастағы Бағдат Мадьярова сырқатқа ұшыраған. Орта бойлы, дене бітімі толықша келген оның шашы – қысқа, қара, қойкөзді. Жақындарының айтуынша, үйден шыққанда үстінде көк көйлек, қара туфли, ақ түсті жеңіл күртеше болуы мүмкін.