«Төлем және төлем жүйелері» туралы Заңның 39-бабына сәйкес, сауда-саттықпен айналысатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер сауда орындарында төлем қабылдау терминалдарын орнатуы тиіс. Осы талаптың орындалу барысын бақылау мақсатында мемлекеттік кірістер басқармасы мен банк қызметкерлері дүкендерге бас сұғып, жұртшылыққа тиісті заңнамаларды түсіндірді.
Петропавл қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Лилия Әбілеваның айтуынша, арнайы карточкалар арқылы есептесу кезінде тұтынушыларға бақылау-кассалық машинасы арқылы чек берілуі тиіс. Осы жайтты тексерген мамандар екі күн бойы облыс орталығындағы сауда үйлерін аралап, POS-терминал арқылы есеп айырысу талаптарын түсіндірді.
Жеке кәсіпкер Владимир Левадныйдың пікірінше, терминалдар арқылы төлем жасау заман талабы болғанымен, оған аға ұрпақ өкілдері әлі де үйрене алмай отыр. Зейнеткерлер үшін карта арқылы есеп айырысу өте көп уақыт алады. Дегенмен де, соңғы кезде есеп айырысудың бұл түрін құп көретіндер қатары көбейген.
Жеке кәсіпкерлердің меншіктерінде арнайы құралдар болмаған және олар карточка арқылы төлем жасаудан бас тартқан жағдайда олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай жағдайда бірінші рет тек ескерту беріледі. Ал егер қайталанатын болса, онда кінәлі тұлға 40 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндетті.