«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕРМОС-ВАГОН – ЗАУЫТЫҢ ЖАҢАШЫЛДЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл ауыр машина жасау зауыты тез бүлінетін өнімдердің тасымалымен айналысатын термос-вагондар өндірісін қолға алды. Жергілікті кәсіпорында әзірленген өнім Ресей Федарациясына экспортталмақ.

Зауыт жаңа, еліміз бен жақын шетелде теңдесі жоқ жобаны қолға алып отыр. Петропавл ауыр машина жасау зауытының бас дәнекерлеушісі Александр Девисенко:
«Вагонның әр бөлшегін бөлек-бөлек дайындаймыз. Кейін оны лего сынды жинаймыз. Жасалған рамаға кузовты бекітеміз. Тежегіш қондырғысын орнатамыз. Кейін ішін полиуретанды жабындымен қаптаймыз. Бұл өз кезегінде вагонды изотермиялық қасиетпен қамтамасыз етеді. Есіктерін әзірлеуге де өте үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Себебі, одан ауа өтпегені маңызды», – дейді.
Яғни, тасымал құралының ішіне жылу немесе суық кірмеуі тиіс. Сыртқа шықпағаны да маңызды. Себебі, бұл – қарапайым вагон емес, ет, балық, көкеніс, жеміс сияқты тез бұзылатын тағам өнімдерін діттеген жеріне жеткізетін құрал.
Зауыттың бас директоры Вадим Шакшакбаевтың айтуынша, вагонның қызмет ету мерзімі 25 жылды құрайды. Сыйымдылығы – 145 текше метр. Тасымал құралының ішіне салынған өнім өз температурасын 10 күнге дейін бірқалыпта ұстап тұрады.
Мамандар тиісті технологияны жарты жылдың ішінде-ақ меңгеріп алыпты. Қазір жұмысшылар айына 50-60 заманауи вагонды жасауға толығымен әзір. Зауыттағы технологиялардың барлығы жұмысты сапалы әрі уақтылы орындауға қауқарлы. Оған қоса, қазір мұнда жаңғырту шаралары жүргізілуде. Нәтижесінде тағы бірқатар су жаңа құрылғылар орнатылмақ. Бұл өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік бермек.
Бас директорыдың мәліметінше, соңғы термовагондар Германияда жасалған. Одан бері 30 жылдай уақыт өтіпті. Яғни, тасымал құралдары әбден тозды. Сондықтан, Ресей Федерациясы тарапынан біздің өңірде шығарылатын өнімге сұраныс өте жоғары.
Аллдағы уақытта кәсіпорын басшылығы вагондарға арнайы GPS-ті орнатуды жоспарлап отыр. Бұл өзінің өнімін жіберген компанияларға тауардың қайда және қандай температурада екенін бақылауда ұстауға мүмкіндік бермек. Алғашқы шығарылған тасымал құралдары арнайы сынақ полигонында тестілеуден сәтті өткен екен. Вагон шығару технологиясымен танысу үшін Ресейдің Троицк қаласынан мамандар келіпті. Меймандар дайын өнімнің мінсіз екенін айтуда.
Зауыттың ауқымды жұмысы өз мәресіне жетті. Енді тауар сертификатын алу қажет. Ол үшін Мәскеуде арнайы ведомствоаралық комиссия жиналатын болады. Арнайы құжат сонда берілмек.


 mtrk.kz
 
 
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp