Жылдағы дәстүр бойынша тамыздың 2-сінде жерлестеріміз әуе десанты әскерлерінің күнін атап өтті. Әуе-десанттық әскерлерде әр жылдары Отан алдындағы борышын өтеген жігіттер бұл күні Петропавл қаласындағы Ағынтай мен Қарасай батырлардың ескерткіші орналасқан алаңда бас қосып, естеліктерімен бөлісті. Осы жерде елімізді жаудан қорғаған аталар рухына да тағзым етіп, «Мәңгілік алау» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды.
Солтүстік Қазақстан облыстық десантшылар одағының бірқатар мүшесі мерекеге орай марапатқа ие болды. Алғыс хатпен марапатталғандардың қатарында «СҚО десантшылар одағы» қоғамдық бірлестігінің және «САЛАНГ» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Александр Азегов та бар. Ол ширек ғасырдан астам уақыт бойы жастар тәрбиесіне елеулі үлес қосып келеді.
«103-ші әуе-десанттық дивизияда Отан алдындағы парызымды өтеп болған соң, әскерден келе сала, осыдан 32 жыл бұрын «Саланг» әскери-патриоттық клубын құрдым. Жыл сайын жасөспірімдермен «Зерде» экспедициясына шығып, майдан даласында шейіт болған сарбаздардың мүрдесін іздейміз», дейді ол.
Осы күні әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері ант қабылдады. Ержүрек ағаларына қарап бой түзеп келе жатқан Даниэл Коновалов ер жеткенде әуе-десантық әскерді таңдаймын дейді. Оның әскери-патриоттық клубқа барып жүргеніне 2 жыл болыпты. Бүгінде ол тәлімгерінен қоян-қолтық ұрыс және қорғану тәсілдерін үйреніп жүр. «Салтанатты жағдайда «Жас Арлан» клубының курсанты атанғаныма қуаныштымын», деп ол өз қуанышымен бөлісті.