«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДИҚАНДАР БІЛІКТІЛІКТЕРІН АРТТЫРДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласында “Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде міндетті агрохимиялық шараларды жүргізудің заманауи технологиялары” тақырыбында біліктілік арттыру курстары өтті. Шараның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев қатысты.

– Бүгінгі таңда елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесіне басымдық берілуде. Біздің өңірдің де бұл салада мүмкіндігі мол. Ең бастысы, кадрлық әлеуеттің сапасына ерекше көңіл бөлу қажет. Кейбір шаруашылықтарда білікті мамандар тапшы. Сала мамандарының біліктілігін арттыру көптеген мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететін болады, – деді Руслан Қанатханұлы.

Өткен жылы ашылған “Жаңғыру” қайтадан даярлау және біліктілікті арттыру институты бұған дейін тек мұғалімдер үшін арнайы курстар өткізген болатын. Енді ауыл шаруашылығы саласы мамандарының біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік тууда.
– Былтыр оқу курстарына 28 адам қатысты. Білікті оқытушыларымыз оларды саланың жаңашылдықтарымен таныстырып, заманауи әдістер мен технологияларды үйретті. Есімі өңірімізге танымал шаруашылық басшылары, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары дәріс оқитын болады, – дейді Айман Елтайқызы.
Қатысушылар “Басшының тұлға болып қалыптасуы”, “Жоғары дәрежедегі жетекшінің басқару құзыреттіліктері”, “Өңірде өсімдіктану саласының болашағы және қазіргі жағдайы”, “Облыста ірі қара өсіру” және “Тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғауға арналған құралдар” тақырыптарындағы дәрістер тыңдап, тәжірибе алмасады.
Шараға қатысқан “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы филиалының төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Иван Кендюх бұл дәрістерге қатысты пікірімен бөлісті.
– Қазіргі уақытта әр салада жаңашылдықтар енгізілуде. Ауыл шаруашылығы саласына да цифрландыру ауадай қажет. Өз кезегінде бұл дәрістер тыңдаушылардың қабілеттерін дамытып, олардың біліктіліктерін шыңдауға септігін тигізеді. Тәжірибе жинаған азаматтар шаруашылықты басқарудың тың тәсілдерімен танысып, кейін алған білімдерін өз әріптестерімен бөлісетін болады, – деді ол. Алдағы уақытта басқа қалалардан, тіпті, шетелдерден ғалымдар мен оқытушыларды шақырту жоспарлануда.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ
“Soltústіk Qazaqstan”. 

Сурет https://digitalkz.kz сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp