“Ас ішерде керек, көлік көшерде керек” демекші, қазір адамдардың көбі жаяу жүргеннен гөрі жайлы көлікпен жүйткігенді жөн санайды. Басым бөлігі қоғамдық көліктің көмегіне жүгінеді. Осы орайда көлік инфрақұрылымын дамытпай экономиканы өркендету түгіл, адамдардың күнделікті қарапайым тіршілігін қамтамасыз етудің өзі мүмкін еместігіне көз жеткізуге болады.
Облысымызда көлік саласында еңбектеніп жүрген азаматтар өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда. Олардың еңбекке деген құлшынысының арқасында өңірдегі және облыс орталығындағы автокөлік мекемелері тұрақты әрі тоқтаусыз жұмыс істеп, жолаушылар тасымалы қызметі ойдағыдай атқарылуда. Бүгіндері облыс аумағындағы 491 елді мекеннің 475-і тұрақты жолаушылар тасымалдау қызметімен қамтылған. Темір жол, әуе тасымалы және автобус қатынасының ортақ міндеті – тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, жолаушыларды діттеген жерлеріне аман-есен жеткізу.
Тұрғындарды жолаушылар тасымалымен қамтамасыз ету үшін өңірде 177 автобус бағыты жұмыс істейді. Солардың 24-і – қалалық, 9-ы – қала маңындағы, 72-сі – облысішілік, 8-і – халықаралық, 31-і – облысаралық, 20-сы – ауданішілік, 13-і – кентішілік. Өткен алты айда облыстағы жүк тасымалдау көлемi 28462 мың тоннаны құрады.
Өңірде жолаушылар мен тасымалдаушыларға қызмет көрсету үшін 1 сапаржай және 16 автобекет жұмыс істейді. Қалалар такси тасымалымен толық қамтылған. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бірінші жартыжылдықта жолаушылар 0,7 пайызға артық тасымалданды.
Облыста “Оңтүстiк-Орал темiр жолы” федералдық мемлекеттік унитарлық кәсіпорнына қарайтын “Петропавл бөлiмшесi” орналасқан. Өткен жарты жыл ішінде аталмыш бөлімше пойызбен 470,6 мың тонна жүк тасымалдап, 379,7 мың жолаушыны діттеген жеріне жеткізді. Жүк айналымы 17884,8 миллион тоннаны құрады. Бұдан бөлек, облыс аумағы арқылы “Қазақстан Темiр Жолы” ҰК” акционерлік қоғамының ұзындығы 615 шақырым темiр жолы өтедi. Жалпы, бүгіндері бұл салада 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Өңірде әуе тасымалы да ойдағыдай жүргізілуде. Өткен алты айда 436 әуе рейсі орындалса, оның 348-і – жүйелі, 88-і – чартерлік рейстер. Ұшаққа мінген 13924 жолаушы межелі жерге аман-есен жетті.
Бүгіндері облыс көшелеріне асфальт төселіп, жолаушылар тасымалындағы қордаланған мәселелер өз шешімін табуда. Автобус паркі жаңартылып, қызмет көрсету деңгейі жақсаруда. Мәселен, бір ғана Петропавл қаласын алатын болсақ, мұнда 23 автобус бағыты бар. Жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке тасымалдаушылардың түрлі маркалы 330 автобусы таңнан кешке дейін шаһардың барлық шағынаудандарына қатынап, тұрғындарды межелі жеріне жеткізуде. Әрбір кәсіпкерлік субъектісі кез келген жолаушының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарайды. Қаланың автобус паркі өткен жылы – 21, биыл 5 қоғамдық көлікпен толықты. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Сонымен қатар тасымалдаушылар үшін электронды билет жүйесін енгізу жоспарлануда.
Жолаушы тасымалдаумен шұғылданатын әрбір мекеменің өзіне лайықты материалдық-техникалық базасы, кәсіби біліктілігі жоғары, қызмет көрсету мәдениетін меңгерген көлік жүргізушілері болуы тиіс. Бұл – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Қазір біз осы бағыттағы жұмыстарды да жандандырудамыз.
Асхат БАКЕЕВ,
облыстық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары.