«Жасыл ел» жастар ұйымының ұйымдастыруымен облыс орталығындағы «Сити Молл» сауда-ойын-сауық орталығында «Шеберлер алаңы» атты шара өтті. Онда түрлі мамандық иелері шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, қала жұртшылығының сұрақтарына жауап берді.
Жастармен өз білгенімен бөлісіп, шеберліктерін шыңдауға талпынғандардың бірі – «Barber shop” сұлулық салонының бет әрлеушісі Анна Гайфуллина. Ол қыз-келіншектерге визаж туралы кеңінен әңгімелеп, бет әрлеудің бүгінгі түрлерін таныстырды. Ал, мехенди саласын жетік меңгерген қызылжарлық Нұрсұлу Бекмағанбетова қынамен денеге сурет салу әдісіне тоқталды.
Ұйымдастырушылар бұл шараны мектептер мен орта арнайы оқу орындарында да өткізуді жоспарлап отыр. Осылайша жастар арасында еңбекке деген сүйіспеншілік пен осы заманғы мамандықтарға деген сұранысты арттыру көзделген.