Петропавл қаласындағы Спорт сарайында қазақ күресінен кәсіби спорт клубтары арасында Қазақстан кубогы басталды. Дүбірлі бәсекеде еліміздің жеті облысынан келген кәсіби клубтар шын мықтыны анықтауда.
Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов спортшыларға сәттілік тілеп, бұл салада атқарылып жатқан игі істерге тоқталды.
– Тәуелсіздік жылдары ел спортшылары халықаралық сайыстарда топ жарып, көк туымызды көтерген болатын. Бүгінгі таңда олардың ізін басып келе жатқан спортшыларымызды тәрбиелеудеміз. Соңғы жылдары өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға басымдық беріліп, ұлттық спорт түрлеріне қолдау жасалуда. Өңірімізде бұқаралық спортты дамыту мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылып, жаңа нысандар бой көтеруде. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен Петропавл қаласында “Тұлпар” ат клубы және қазақ күресінен “Қызылжар Арландары” кәсіби клубы құрылды. Сондай-ақ, кәсіби теннис орталығы пайдалануға берілді. Былтыр Мағжан Жұмабаев және Уәлиханов аудандарында спорт кешендері ашылды. Қазіргі уақытта Ақжар ауданында спорттық нысаннның құрылысы жүргізілуде, – деді Марат Иманбайұлы.
Жарыс бағдарламасына сәйкес, боз кілемге шыққан екі клубтың өкілдері 7 салмақ дәрежесінде бес минуттан белдеседі. Сылбыр күрескені үшін үш мәрте ескерту алған балуан жеңіліс табады. Ұпай саны бойынша алға шыққан клуб келесі айналымға өтеді.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар.