«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕТРОПАВЛДЫҚТАР ЛИФТ ТАУҚЫМЕТІН ТАРТЫП КЕЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде облыс орталығында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің 174-інде лифтілер ауыстыруды қажет етеді. Ал 4-уінде лифт мүлдем істемейді.

Хименко көшесі 9-шы үйде тұратын қарт адамдар  ширек ғасырға жуық тоғызыншы қабатқа жаяу көтеріліп, түсуге мәжбүр. Олардың жағдайынан қалалық әкімдік хабардар болғанымен, шарасыз.
«20 жылдан астам уақыт бойы көріп келе жатқан теперішіміз осы. Бұл үйде 200-ден астам пәтер бар.Осында  көшіп келгеннен бері жаяу көтеріліп жүрмін. Жасым келгендіктен, дүкенге ғана  барамын. Әйтпесе, жіпсіз байланып отырғаның. Аулаға шығып, қыдырудың өзі-бір мұң», дейді   Татьяна Березина әбден налыған үнмен.  Ерлі-зайыпты Сәрсекеевтерге де  жетінші қабатқа жету – үлкен машақат.
Кезінде  қолданысқа берілген  лифт небәрі 8 жыл қызмет еткен. Қазір құрал-жабдықтары ұрланып, қолды болып кеткен. Орны үңірейіп тұрған шахта тас бекітіліп тасталған. «Үйге қашан жеделсаты орнатылады?» деген сауалға әкімдіктегілер оны жаңалауға міндетті емеспіз деп жауап қайтарған. Тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мадияр Жангудиннің айтуынша, лифт ортақ меншік саналғандықтан, бұл мәселені тұрғындар өздері бірлесіп шешуі тиіс. 2000 жылдары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жөндеуге ұсыныс жасалғанымен, ортақ шешімге келе алмағандықтан бастама аяқсыз қалған.
«Ол кезде қондырғының кабинасы мен моторы сау болатын. Енді жаңасын орнату үшін кемі  9 миллион теңге қажет. Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасына еніп отырмыз. Жобалық-сметалық құжат әзірлеуге үшін әр пәтерден 3 мың теңге жиналды.  Бірақ 2014 жылы жасалған сметалық құжат жарамсыз деп танылып, қолдағы қаражат жеткіліксіз болып отыр. Құжатты рәсімдеуге қаржы таппасақ, жаңа лифтіге қайдан табамыз?», – дейді  «Хименко 9» ПИК-нің төрайымы Ольга Казанцева шарасыздықтан алақан жайып.
Лифтілерді жаңғырту бойынша жаңа заң жобасы әзірленіп, Мәжіліс тарапынан мақұлданыпты. Сенат  қолдау көрсетсе, әкімдіктер ерікті түрде жеделсатыларды орнатуға немесе жөндеуге бюджеттен қаражат бөле алатын болады. Ал тұрғындар жұмсалған ақшаны 7-10 жылдың ішінде қайтарулары тиіс.
«Айта-айта «Алтайды», Жамал апа қартайды» демекші,  әзірге жеделсаты жырына нүкте қоюға ерте.

https://egemen.kz 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp