«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Петропавл қаласының бас жоспарына өзгертулер енгізу, бірқатар шағынаудандарды дамыту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізу мәселелері талқыланды.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Серікжан Шитхановтың айтуынша, “Юбилейный”, “Жас өркен”, “Шығыс”, “Береке” және “Копай” шағынаудандарында және Уәлиханов – А.Шәжімбаев – Нұрсұлтан Назарбаев – Ғ.Мүсірепов көшелері аумағында 83 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетін болады.
Қала тұрғындары арасында “Копай” деген атауға ие шағынаудан алдағы уақытта адам танымастай өзгермек. Бұл жердегі 296 жер үй бұзылып, орнына 21 көпқабатты тұрғын үй, мектеп, балабақша салынады. Қазір шағынауданға инженерлік желілерді тарту жұмыстары басталды. Ал “Жас өркен” шағынауданында құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі аясында 14 тұрғын үй салынатын болады. Барлық құрылыс жұмыстары жеке инвестиция есебінен жүргізілмек. Уәлиханов көшесі бойындағы шағынауданда 11 көпқабатты тұрғын үй және 280 орынға шақталған балабақша салу көзделген.
Ал соңғы жылдары құрылыс алаңына айналған “Береке” шағынауданында 69 ескі жер үй сүріліп, оның орнына 856 пәтерлік 8 үй салынатын болады. Ал “Шығыс” шағынауданында 2021 жылдың аяғына дейін 500 орындық заманауи көпбейінді аурухана бой көтереді. Оның маңайына әлеуметтік нысандар мен 27 көпқабатты тұрғын үй салынады. Ал “Юбилейный” шағынауданында 207 пәтерлік 13 және 16 қабатты тұрғын үйлер тұрғызылмақ.
Алқалы жиында жағымды жаңалықтармен қатар шешімін күткен мәселелер де қызу талқыланды. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, жаңа үйлердің көбеюі қаланың инженерлік-коммуникациялық жүйесіне салмақ түсіруде.
– Петропавл қаласы тұрғындарының саны жыл санап өсуде. Сондықтан баспанаға деген сұраныс жоғары. Бірақ жаңа салынып жатқан нысандарға инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту қиындық туғызуда. Себебі, ескі тораптардың қуаты жеткіліксіз. Бұл желілерді қайта қалпына келтіріп, жаңғырту қажет, – дейді Серікжан Шалабайұлы.
Облыс орталығында 5 қабатты үйлер көп, оларға көзіміз әбден үйренген. Алдағы уақытта олардың қатары 16-18 қабатты ғимараттармен толығады. Осы орайда “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сергей Тимофеев біздің шаһар үшін аспанмен бой таластырған үйлерді салудың қажеті бар ма, деген мәселені көтерді.
– Сіздердің дайындаған жобаларыңызда биік үйлер көп. Петропавлда он қабаттан биік үй тұрғызу қажет пе? Облыс орталығында бос орын жеткілікті ғой. Шаһарды кеңейтуге барлық мүмкіндік бар. Біз жуырда жұмыс сапарымен Ресейдің Омбы қаласында болдық. Ол жақта қаланың бас жоспарына сәйкес, 5 қабатты үйлерді көптеп салуға басымдық берілген. Көпқабатты нысандар тұрғындарға ыңғайсыздық тудырмағаны жөн. Жоғары қабаттың тұрғындарына көтеріліп-түсу де қиындық туғызары сөзсіз. Өйткені, біздің өңірімізде лифт шаруашылығы кенже қалған, – деді Сергей Петрович.
Қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Серік Сабралиннің айтуынша, бұл қажеттіліктен туындап отыр. Себебі, дәл бүгінгі күні шаһарда бос учаске жоқ. Тек үйлерді сүріп қана, баспана мен түрлі әлеуметтік нысандарды салуға болады екен. Сонымен қатар Петропавл сияқты шағын қаланың әр аумағын тиімді пайдалану көзделген.
Бұл жерде қоғамдық кеңестің мүшесі Юрий Наумочкин тағы бір мәселеге назар аударды.
– Мені көлік қоятын орындардың жоқтығы мазалайды. Жаңа салынып жатқан үйлердің маңында автокөлік тұрағына арналған жерлер жоқ. Мәселен, Партизан мен Жамбыл көшелерінің қиылысында жаңа тұрғын үй кешені салынды. Жолшыбай өтіп бара жатқанда көше бойының “темір тұлпарларға” толып тұрғанын жиі көремін. Жерасты паркингін неге салмасқа? 18 қабатты үйлерді көптеп салғаннан кейін тұрғындар не істейді? – деді Юрий Наумочкин.
Жиын барысында өзін толғандырып жүрген сұрағына жауап алуға тырысқандардың бірі – Валерий Дорошенко. Облыстық құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры өзекті мәселе көтерді. Бүгіндері құрылыс компаниялары ескі үйлерді сүрумен әуре. Оның орнына “Береке” шағынауданының жанынан инфрақұрылымы ойластырылған “Жұлдыз” шағынауданын салу бойынша ұсыныстарын жеткізді. Болашақ шағынауданның жобалық-сметалық құжаттары да әзір. Жобаны дайындауға 14 млн. теңге қаражат жұмсаған. Бірақ соңы сиырқұйымшақтанып кеткен .
“Севгражданпроект” ЖШС-нің директоры Тамара Колкова соңғы рет 2007 жылы өзгерістер енгізілген қаланың бас жоспары заман талабына сәйкес келмей отырғанын ашық айтты. Жауапты тұлғалардың алдында жыл соңына дейін қаланың жан-жақты ойластырылған бас жоспарын бекіту міндеті тұр. Алайда, қаламызда бас сәулетші жоқ. Нәтижесінде кезінде уақытша салынған жанар-жағармай құю бекеттері мен техникалық қызмет көрсету орталықтары көше бойларында қаптап тұр.
“Шағынаудандарды жобалау жұмысы басқа қалалардың компанияларына сеніп тапсырылады. Өкінішке қарай, олар қысы қытымыр әрі ұзаққа созылатын Қызылжар өңірінің ерекшеліктерін ескере бермейді”, – дейді құрылысшылар.
Отырыс барысында заңсыз сатылып кеткен жерлерді қайтарып алу мәселесі де көтерілді. Бір жылдары басқа қалалардың құрылыс компанияларына берілген жерлерді қайтарып алу жұмыстары өте баяу жүргізілуде. Ал ол жерлерде құрылыс жұмыстарын жүргізуге ниет танытып отырған жергілікті компаниялардың басшылары өздеріне жұмыс істеуге мүмкіндік берілмей отырғанын жеткізді.
Отырысты қорытындылаған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырлы Едіресов жыл соңына дейін бекітілетін қаланың бас жоспарына айтылған ұсыныстарды енгізу қажет екенін атап айтты.


Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp