Бүгін “Қызылжар” орталық мешітінде мұсылман қауымының Құрбан айт мерекесіне орай имамдардың қатысуымен баспасөз мəслихаты өтті. Биыл 11 тамызда таңғы сағат жетіде Айт намазы оқылып, бұдан соң құрбан шалынады.
“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы атаулы күндерде мұсылман бауырларға қойылатын талаптар мен құрбан шалудың ережелеріне тоқталды. Мəселен, құрбандыққа сойылған қойдың немесе екі жасар қара малдың еті өз отбасына, ағайын-туыстарына жəне мұқтаж жандарға таратылып берілуі тиіс.
Биыл құрбан шалу орны облыс орталығындағы Жұмысшы кентінен беріліп отыр.
Кенжетай қажы Байкемелұлының айтуынша, құрбандыққа шалынған малдың терісін сатуға болмайды. Сондай-ақ, алдыңғы жылдағыдай қой тапшылығын болдырмау мақсатында имамдарға арнайы тапсырмалар берілді.