Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында “ҚазАвтоЖол” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаев өңіріміздегі жолдарды жөндеу барысы туралы айтып берді.
Көктемгі тексеру жұмыстарының нәтижесінде республикалық маңызға ие автокөлік жолдарының 86 пайызы қанағаттанарлық деңгейде екені анықталған. Ал 14 пайызының жағдайы нашар, – деді Болатбек Қабыланбекұлы.
Биылғы жылы республикалық бюджеттен өңір жолдарын жөндеу үшін 14,8 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі таңда бұл қаржының 6,7 миллиарды игерілді. “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында “Петропавл – Қорған” автокөлік жолына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Баспасөз мәслихатында Болатбек Айтбаев 2020 жылы “Көкшетау – Петропавл” жолына ақылы жүйе енгізу жоспарланып отырғандығын айтты. Бірақ тек жүк көліктерінен ғана төлемақы алынбақ. Осылайша, республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайту көзделуде. Яғни, ақылы негіздегі жолдарды жөндеу төлемақы есебінен қаржыландырылатын болады.
Су тасқынынан бүлінген “Екатеринбург – Алматы” автокөлік жолындағы Ақан-Бұрлық және Жембарақ өзендеріндегі екі көпірде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Биыл жалпы ұзындығы 60 шақырымды қамтитын тоғыз жолда орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда. Соның ішінде 40 шақырым жолда, яғни үш учаскеде суық ресайклинг әдісі арқылы автокөлік жолын тегістеу жүргізілуде.
– 2019 жылы “Мамлютка – Қостанай” және “Екатеринбург – Алматы” автокөлік жолдарында жөндеу жұмыстары аяқталады. Біріншісіне “Петропавл жолдары” ал екіншісіне “Казахдорстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жауапты. Бұл компаниялардың жол құрылысы саласында өзіндік қолтаңбасы бар. Сондықтан жөндеу жұмыстары барлық талапқа сай жүргізілуде, – дейді “ҚазАвтоЖол” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.