Алдағы жылы алғашқы санының жарық көргеніне 100 жыл толғалы отырған облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газеті әр кез ұлттық мәселелерді кеңінен қозғап, халықтың шын жанашыры ретінде таныла білді. Сарғайған басылым беттерінен тілшілердің қай кезеңде болмасын, тіл, діл, мәдениет және ағартушылық салаға қатысты өзекті тақырыптарға қалам тартып, руханиятты дамытуға өзіндік үлес қосуға талпынғанын көреміз. Бүгін назарларыңызға осыдан алпыс жылдан астам уақыт бұрын “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетінде жарияланған қазақ тілінің сол кездегі жай-күйі туралы мақаланы ұсынып отырмыз.
Қазақ халқының түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетінің жан-жақты өркендеп, гүлденіп келе жатқаны жалпыға мәлім. Ал бұл мақалада жалпы мәдениетіміз туралы емес, оның бір саласы туралы айтылады. Әңгіме қазақ тілі жайында, оған деген кейбір теріс көзқарастар туралы болмақ.
Ұлттық тіл – ұлттық мәдениеттің мазмұнын бейнелеуші негізгі форма. Сондықтан да тілдің өркендеуіне қамқоршы болу бүкіл мәдениетімізді гүлдендіру қамын ойлағанмен бірдей. Ал ұлттық тілдің беделін түсіру, оған қиянат жасау бүкіл социалистік мәдениетімізге зиян.
Айтпасқа болмайды, қазіргі қазақ тілі едәуір кедергіге килігіп отыр. Республикалық баспасөзде де бұл туралы мәселе көтерілді. Онда бұған кінәлі кейбір республикалық мекемелер, олардың басшылары орынды сынға да алынды. Ал бұған қоса ана тілінің беделін түсірушілер жергілікті жерлерден де табылды.
Мына фактіге ой салып көріңіз.
Қаладағы №5 орта мектеп – облысымыздағы қазақ мектептерінің ішіндегі ең ірілерінің бірі. Ал осы мектепте үстіміздегі оқу жылында бірінші, екінші қазақ кластары болмады. Өткен жылы бірінші класқа түсіп оқитын қазақ балалары болмады, биыл тағы солай. Сонда енді бір жыл 7-8 жылдан кейін осы мектеп қазақ мектебі боп аталудан да қалмақшы ма? Неге бұлай, әлде шынында да, мектеп жасына жеткен қазақ балалары жоқ па қалада? Олай емес, бала бар, бірақ оны ана тілінде оқытушы әке мен шеше азайып барады.
Біздің қазақ интеллигенттерінің арасында өзінің ана тілін қадірлемеушілік, оның келешегіне сенбеушілік бар. Ондайлар: “тәйірі, қазақшаның өзінде мән қалмады ғой, мұндайдың боларын білмей өзіміз де орысшадан құр алақан қалдық, енді баланы орысша оқытып барып есесін қайтармасақ”, – дейді. Бұл тым таяз ойлаушылардың айтары. Ал “терең” ойлайтындар былай деп жүр: “Біз коммунизмге қарай жақындап келеміз. Түбінде бір-ақ тілде сөйлейтін боламыз, сондықтан қазақшадан осы бастан безе беру керек”. Мұндайлар тіпті коммунизм тұсында тек орыс тілінде ғана сөйлейтін боламыз деп адасуда.
Бұл арада мынаны түсініп алған жөн болар еді. Орыс мәдениетінен, орыс тілінен ұлттық мәдениетімізді дамыту мақсатында үйрену бар да, осы үйрену деген ұранды жалаң қойып, ана тілін, ұлттық мәдениетті қадірлемеу бар. Мұндай біржақтылыққа ұрынуға болмайды.
Қазақ халқының орыстың озық мәдениетінен үлгі, өнеге алуы – екі халықтың ұлы достығына негізделген ежелгі дәстүр. Кешегі өткен Шоқан, Абай, Ыбырайлар өздерінің бүкіл өмірін осы достыққа қызмет етуге, қазақ мәдениетінің гүлденуіне арнады, осы үшін күресті.
Бірақ мұндай ізгі мақсаттағы алға қойған да, олар өз халқының ұлттық мәдениетінен безген жоқ, қайта қазақ ағартушы-демократтарының әрбір саналы қадамы өз халқына деген терең махаббатқа негізделді, олардың сөзі мен ісі халықты сүю сезімінен туып жатты.
Шоқан реакцияшыл арабизмді айыптап, қазақ халқының жарыққа шығар жолы орыс халқымен достасуда, оның мәдениетін үйренуде екенін айтты. Абай болса орыстың өнер-білімі, тілі – дүниенің кілті деп кетті. Ыбырай да осы мақсат үшін қазақша-орысша мектептер ашып, қазақ халқын қараңғылық ұйқысынан оятуды болашақ иесі жас ұрпақтардан бастамақ болды.
Қазақ ағартушыларының бұл күресі қаншама ізгі болғанмен, “моласындай бақсының жалғыз қалдым” деп Абай айтпақшы, олар жалғыз болды да, ойлағандарына толық жете алмады, меңіреу дала жалғыз дауысқа селт те еткен жоқ. Тек Ұлы Октябрь социалистік революциясы ғана қазақ халқын ғасырлар бойы қамалып келген қараңғылық шырмауынан азат етті.
Орыс мәдениетінен үйренуге осыдан кейін ғана кең жол ашылды. Өйткені, бұған тұсау болып келген әлеуметтік жағдайлар өзгерді, мазмұны социалистік орыс мәдениетінің өзі де қарыштап алға басты.
Мәдениеттің даму мүмкіншіліктері шексіз. Бірақ қайталап айтамыз, осыған қарамастан ұлттық тіліміздің өркендеуіне кейбір кедергілер әлі де бар. Мұның себебі, қазақ интеллигенциясының кейбір өкілдері өзінің ана тілінен безуге жуық.
Баласын орысша оқытуға, орыс мектебіне түсіруге ұмтылған ата-аналардың әрекеті былай қарағанда дұрыс та сияқты. Өйткені қазақ мектептерінің көбінде орыс тілінің оқытылу сапасы төмен. Бірақ біз бұған көп тоқталмаймыз, себебі, мұның өзі арнаулы сөз қыларлық дербес мәселе. Біздің бұл арадағы әдейілеп айтарымыз мынау ғана: қазақ оқушысы шындап ынта қойса, орыс тілін қазақ мектебінде де жақсы үйреніп шыға алады. Мұндағы оның ұнататыны – әрі ана тілін жақсы біледі, әрі орысшаға да тәуір болады, орыс тілінде алған білімі ана тіліне негізделгеннен кейін әлдеқайда берік болады. Орта мектепті ойдағыдай бітірген адам өзінің ана тілі мен орыс тілінің ерекшеліктерін сақтай отырып, екі тілдің де ішкі заңдылықтарын түсіне бастайды.
Тағы бір мысал келтірейік, “Ленин туының” редакциясына еңбекші хаттары келіп түсіп жатады. Әрине, көпшілігі – қазақ тілінде жазылған хаттар. Өйткені, газеттің өзі қазақша шығады ғой. Бірақ мұнымен бірге кейбір қазақ авторларының өз мақалаларын орысша жазып жібергенін немесе орысша жазып әкелгенін көргенде, қатты қынжыламыз. Қазақша неге жазбадыңыз деп әңгімелескенімізде, бұл жолдастардың едәуірі “қазақша қиын, мақала жазарда материалды орысшадан жинастырып оқығаннан кейін орысша жазған әлдеқайда оңай” деп жауап береді. Кей жолдастар “термин сөздердің қазақшасын білмейміз” деп “дәлел” айтады.
Бекер сөз! Ынта қойсаң, қазақша жақсы-ақ жазуға болады, оған әлгі жолдастардың білімі де, қабілеті де жетеді. Бірақ олар өйтпейді, ана тілінде жазуды да ар көреді, немесе ең жаманы, орысша жазғанды, ал сөйлесе кеткенде, екі сөздің бірін орынсыз орысшалағанды “жетілген азамат” екен десін деп мақтаныш санайды. Мәселен, “қазақша жазу – трудно, орысша жазған – гораздо легче”, – дейді.
Кейбір адамдар басқа біреу жөнінде пікір айтса, “ол мәдениетті жігіт, орысша сауаты мол, сөйлегенде бір тоқтамайды” деп жатады. Демек, орыс тілін жақсы меңгергендікті мәдениетті болудың өлшемі, негізгі бір шарты деп таниды. Дұрыс емес. Тіл мәдениеті алдымен ана тілін жақсы білуді, оны сүюді талап етеді. Басқа тілді өте жақсы біл, бірақ бұл білгеніңді ана тіліңе негіздемедің екен, онда мұндай мәдениеттіліктің құны да шамалы.
Оның үстіне, орыс тілін меңгеру деген, мәселен, склонениені (септеуді) дұрыс білуде ғана емес. Орысша екі сөздің басын құрап сөйлегенді “білдім” деуге болмайды. Пролетариаттың ұлы жазушысы Максим Горькийдің өзі де тілді аз білем, орыс тілін Лесковтан үйренудемін дейтін болған. Олай болса, өзінің ана тілін білмей, орыс тілін жақсы білем деген кісінің сөзінде қанша қасиет бар?
Қазақ тілінің беделін көтеру керек, қысқасы. Осы тілектен келіп қазақ мектептерінде қазақ тілін оқыту дәрежесін барынша көтеру аса қажет болып отыр дегенді айтқымыз келеді. Турасын айтсам, облыстың қазақ мектептерінде бұл мәселеде көп олқылықтар бар. Әдетке айналған нәрсе, қазақ мектебінде оқушылар үшін ең қиын пән математика мен орыс тілі болып есептеледі. Қазақ балаларына орыс тілін оқыту қиын проблема болып алды да, ана тілі ескерусіз, мән берусіз қалып бара жатыр. Оқушы орыс тілінен “екі” алса, ештеңе емес, заңды оқиға сияқты. Ал қазақ тілінен немесе әдебиетінен тоқсан аяғында, жыл соңында нашар баға алды дегенше, тура жанжал туды дей беріңіз. “Қазақ тілінен “екі” алғаны қызық екен” деп таңданатын мектеп директорлары да бар.
Ал кей мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен мамандығы бар мұғалімдерді “орысшасы тәуір” болса-ақ орыс тілінен сабақ беруге қосушылық та кездеседі. Мысалы, Алматыдағы пединституттың қазақ тілі және әдебиет факультетін бітіріп келген З.Мырзагелдина жолдас 1954 жылдан бері Баян орта мектебінде орыс тілінен сабақ беріп жүр.
Біздіңше, ұлттық тіліміздің беделін арттыру жолындағы, ұлттық мәдениетімізді түрі жағынан жаңа сатыға көтеру жолындағы күрес осы мектептерден басталуға тиіс. Өйткені, болашақта мектеп түлектері, мейлі олар интеллигент, жұмысшы, колхозшы болсын – бәрі бір, мәдениет иесі, оны ілгері дамытушылар болып шығады. Мұнымен қатар, әрбір саналы азамат социалистік мәдениетіміздің жан-жақты өркендеуіне, гүлденуіне жаршы болуы керек.
Қазіргі қазақ тілі – өскелең, бай тіл. Қазақ халқына әлем әдебиетінің өкілдері Шекспирдің, Байронның, Бальзактың, Твеннің, орыс жазушылары Лев Толстойдың, Достоевскийдің, Пушкин мен Лермонтовтың, Тургенев пен Некрасовтың және басқаларының шығармалары ана тілі арқылы да таныс.
Қазақ тілінің болашағы әлі де мол. Мақсат оның дамуына көлденең қойылған жасанды кедергілерді алып тастау, осылайша, ұлттық мәдениетіміздің ұлттық түрін бейнелеуші ретіндегі оның рөлін күшейте беру болып отыр.
Д.ӘУЕЛБЕКОВ.
1956 жыл 2 қыркүйек.