Осыдан екі жыл бұрын ел Үкіметі “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын бекітіп, отандық кәсіпорындар сандық технологияға көше бастады. Бұл үдеріс “Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ойдағыдай жүзеге асырылуда.
Серіктестік тұтынушылардың талабына сай қызмет ету үшін алдыңғы қатарлы технологиялар мен қондырғыларды зерттеп, қолданысқа енгізуде. Жылу желілерінің жағдайын жедел бақылау жүйесі – соның дәлелі. Диспетчерлік басқаруды автоматтандыру нәтижесінде мамандар технологиялық ақауларды қысқа уақыттың ішінде және жоғары дәлдікпен анықтай алады. Қазіргі таңда заманауи жүйе облыс орталығы жылу желілерінің 25 бақылау нүктесіне орнатылған.
Автоматтандырылған жүйенің алғашқы бақылау нүктесі кәсіпорында 2012 жылы пайдалануға берілді. Бір жылдан соң оның саны 15-ке жетсе, 2016 жылдың басында “Орман” жаңа сорғы бекеті де аталмыш жүйеге көшірілді.
– Автоматтандырылған жүйе енгізілгенге дейін серіктестік жұмысшылары жылу желілеріндегі жағдайды өздері аралап тексеретін. Сөйтіп, бұған көп күш, қомақты қаржы және ұзақ уақыт жұмсайтын. Ал қазір жаңа технологияның көмегімен ақауларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік туды, – дейді серіктестіктің пайдалану бойынша бас инженері орынбасарының міндетін атқарушы Денис Возняк.
Аталмыш жүйе негізінен сорғы бекеттері мен жылу пункттеріне орнатылып, энергетиктерге қондырғының гидравликалық және температуралық режімдерін бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, диспетчер апаттық жағдай туындағанда жедел шешім қабылдап, сорғының жағдайына мониторинг жүргізе алады.
Үш деңгейлі жүйе бақылау нүктелерінен ақпарат жинап, оны кезекші диспетчердің және бақылау-өлшеу жабдықтары тобы мамандарының мониторларына шығарады. Осылайша, мамандар кәсіпорындағы жағдайды бақылап, қаланы жылумен қамту жұмысын реттеп отырады.
Алты жылдан бері қолданыстағы автоматтандырылған жүйе оң нәтижесін көрсетуде. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Биыл аталмыш жүйе тағы бес бақылау нүктесіне орнатылады.
Игорь ТАТАРЧЕНКО,
“Севказэнерго” АҚ-ы
қоғаммен байланыс
бөлімінің маманы.