Облыс орталығындағы Оқушылар сарайының зертханасында мектеп оқушылары агротехнология саласының қыр-сырын меңгеруде. Олар осы жолы тропикалық балықтар қатарына жататын Ніл тиляпиясын, жеміс-жидек пен сәндік өсімдіктерді өсіруде.
Балалар биотехнологиялық зертханада ауыл шаруашылығын жүргізудің осы заманғы әдістерімен танысуда. Мәселен, мұнда олар терезелерге қойылған жәшіктерге су өсімдіктерін отырғызып, содан өнім алуда. Аквапоника деп аталатын саланы дамыту үшін Оқушылар сарайы жанынан арнайы зертхана жасақталған болатын. Қазір бұл жерде төрт аквариум жайғасып, оқушылар онда тиляпияның 700 шабағын орналастырған. Басында 3 грамм ғана болған шабақтардың салмағы бүгінде 250 грамға жеткен. Бұдан да үлкендері бар. Мамандардың айтуынша, бұл балық түрінің салмағын 1 килограмға дейін өсіруге болады. Экологиялық таза өнімнің еті өте дәмді, сол себепті зертханада өсірілетін өнімді сатып алуға қаламыздың мейрамханаларынан өтініш түсіп үлгерген. Шабақтар тек таза өніммен ешбір зиянды қоспасыз қоректендіріледі. Бұл жайт та сатып алуға сұраныс тудырғандар тарапынан ескеріліп отыр.
Зертханада түрлі әдіс-тәсілдерді үйреніп жүрген жастар қызанақ пен тәтті бұршақты өз қолдарымен өсіріп, қыс бойы тұтынған. Аса ірі көлемде пісіп жетілген өнімдердің дәмі тіл үйіреді.