Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуетін көтеруде он маңызды бағытқа баса мән беруді тапсырып, экономиканың негізгі салаларын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың табысын арттыру, шетелдік инвестицияларды тарту бойынша стратегиялық басымдықтарды айқындады. Ел Президенті атап көрсеткен негізгі басымдықтар Айыртау ауданында сәтті жүзеге асырылуда.
Үстіміздегі жылдың алты айында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Тартылған инвестиция көлемі 4,2 млрд. теңгені құрады. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында өндірілген өнімнің көлемі 6,3 және 0,9 пайызға артты. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 3,2 есе өсті.
Биыл ауданда 374 мың гектар алқапқа дәнді, бұршақты, майлы дақылдар, картоп, көкөніс егілді. Аудан аумағында 53748 ірі қара, 62855 қой, 20623 жылқы, 17517 шошқа, 387055 құс бар. Өткен алты айда 4 мың тонна ет, мың тонна сүт және 12,1 млн. жұмыртқа өндірілді.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына басымдық беріп отырмыз. Негізінен, бидай, сүт және жұмыртқа өнімдері өзімізде қайта өңделеді. Біздің мүмкіндігіміз бұдан да жоғары екенін білеміз. Осы орайда заманауи қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуға көңіл бөлінуде. Үстіміздегі жылы ауданымызда Орталық Азиядағы iрi қалайы кен орны – “Tin One Mining” игерiле бастады. Алдағы уақытта мұнда 600 адам жұмыс істейтін болады.
Өркениетті елдердің барлығы да өздерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына арқа сүйейді. Кәсіпкерлікті қолдау – нарықты дамытудың кепілі. Өткен жартыжылдықта бөлшек сауда айналымының көлемі 2 млрд. 75 млн. теңгені құрады. Жыл басынан бері бес жаңа жоба жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін тағы тоғыз жобаны қолға алу жоспарланған. Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің маңызы зор. Мәселен, үстіміздегі жылы іске қосылған “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында жалпы құны 1 млрд. теңгені құрайтын тоғыз жоба ұсынылды.
Аудан экономикасында әлеуеті зор саланың бірі – туризм. Қазіргі таңда ауданда 38 туристік нысан жұмыс істеп тұр. Биыл ауданға еліміз бен алыс-жақын шетелдерден 60 мыңдай турист келеді деп күтілуде.
Өткен жылы Имантау-Шалқар курортық аймағында жеке инвестициядан 411 миллион теңгенің 9 жобасы іске асырылды. Биыл жеті жаңа демалыс орны пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 500 млн. теңгеге “Шалқар Су” шипажайын қалпына келтіру жұмысы басталды. Имантау-Шалқар курортық аймағының республикалық деңгейде басымдыққа ие он нысанның қатарына енуі маңызды оқиға болып отыр. Осы орайда ауданның туризм саласына серпін беріп, жыл сайын келетін қонақтардың санын 400 мыңға дейін жеткізетін кешенді жоспар әзірленуде.
Өткен жылы “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы құрылған болатын. Ботай – өркениеттің ең көне мекені, ежелгі тарихи дәуірдің асыл мұрасы. Осы жерден дала өркениеті басталды деуге толық негіз бар. Көшпелі қазақ халқы 4-5 мың жылдан бері жылқыны тұрмыс-тіршілігіне пайдаланып, қымызын ішіп келеді. Алдағы уақытта қазақ халқының дәстүрін дәріптеу мақсатында мұражай-қорықтың құрылысын бастау жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады”, – деген еді. Сондықтан тарихи-мәдени ескерткіштерімізді жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің өзегі етуіміз қажет.
Айыртау ауданында әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға жан-жақты көмек көрсету жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда ауданда 270 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Отбасыларды “Е-Халық” жүйесінде әлеуметтік картамен қамтамасыз ету 96 пайызды құрады. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы орташа еңбекақы көлемі 87476 теңгені құрап отыр. Бұл өңіріміз бойынша төмен көрсеткіш екені рас. Осы орайда тұрғындардың табысын арттыру үшін еңбекақыны көтеру бойынша жүйелі жұмыстар атқаруымыз қажет. Өткен жартыжылдықта 761 жұмыс орны ашылып, 1401 адам еңбекпен қамтылды. Айыртаулықтарды жұмыспен қамтуда “Еңбек” бағдарламасының септігі зор. Мыңға жуық тұрғын аталған бағдарламаның қатысушысы атанды. “Бизнес Бастау” жобасы аясында 71 адам оқып, 37 айыртаулық шағын несие алды.
Оңтүстік өңірлерден қоныс аударғандардың жергілікті жерге тез бейімделіп кетуі үшін барлық жағдай жасалуда. Осы жылы көшіп келген 30 отбасына тиісті көмек көрсетілді. Жыл аяғына дейін оңтүстіктен жеткен көшке арналып 32 үй салынады.
Ауданда білім беру, денсаулық сақтау мәдениет салаларын дамытуда да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамту маңызды екені белгілі. Осы орайда ауданда балабақша мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Орта білімді үздіксіз беруде мектеп ғимаратының ішкі-сыртқы жағдайы да аса маңызды. Үстіміздегі жылы тоғыз мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Мұғалімдердің еңбекақысы 30 пайызға өсіп, техникалық қызметкерлердің жалақысы үш есеге артты. Мұның барлығы өскелең ұрпақтың өз жерінде білім алуға деген ынтасын арттырып, жастардың шетелге кетуін айтарлықтай төмендетуге септігін тигізетін болады.
Бұл шаралар – ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтере отыра, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Бүгін халықты ең алдымен не мазалайды? Ең бірінші, азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды. Әлеуметтік саясаттан бастап, мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді”, – деді. Біз осы әділдік, ашықтық үдесінен шығып, жоспарланған істердің уақтылы әрі толық орындалуын қамтамасыз етсек, қысқа мерзімде тұрғындардың әл-ауқаты артып, табыс пен тұрмыс сапасы жақсара түсеріне сенім зор.
Бейбіт ИСМАНОВ,
Айыртау ауданының әкімі.